Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік Қазақстан үшін маңызды — сарапшы

сарапшы
Фото: ҚСЗИ

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік Қазақстанның мүддесіне сай келеді. Өңірдегі шиеленісті жою Қазақстанның Әзербайжан, Армения және Грузиямен олардың көліктік-транзиттік және экономикалық әлеуетін барынша пайдалана отырып, әріптестігін жандандырады. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Марат Рамазанов білдірді.

Алматыда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы саяси ведомство басшылары арасындағы келіссөздің бірінші кезеңі өтті. 

Онда бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынас орнату туралы екіжақты келісімнің жобасын дайындау мәселесі талқыланды. 

Осыған байланысты ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Марат Рамазанов ой бөлісті.

«Бұл үдеріс өте қиын болмақ, өйткені Баку мен Ереванның позицияларын өзара тәуелді: тікелей бейбітшілік келісімі, Әзербайжан мен Армения арасындағы шекараларды делимитациялау және демаркациялау, сондай-ақ Оңтүстік Кавказдағы көлік коммуникациясының бұғатын ашу секілді үш ұстаным негізінде жақындастыру қажеттілігін ескеру қажет», -дейді ол.

Айтуынша, қалыптасқан оң үрдіс пен тараптардың диалогты жалғастыруға дайындығы әлі де келіспеушілік сақталып отырған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

«Бейбітшілікке, тату көршілікке және Оңтүстік Кавказдың тұрақты дамуына жол ашу еліміздің мүддесіне сай келеді. Бұл өңірдегі шиеленісті жою Әзербайжан, Армения және Грузияның көлік-транзиттік және экономикалық әлеуетін барынша пайдалана отырып, Қазақстанның олармен әріптестігін жандандырады», — деп атап өтті сарапшы.

Сонымен қатар, ол келіссөздің Алматы қаласында өтуінің символикалық мәні бар екенін айтты.

Себебі 1991 жылы желтоқсанда тарихи Алматы декларациясына қол қойылған еді. Ол Әзербайжан мен Армения арасындағы шекараны айқындаудың негізгі қағидаттарын бекіткен аса маңызды саяси құжат болатын. 

Еске салайық, 10 мамыр күні Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері келіссөз жүргізуге Алматыға келген болатын. 

Кейін Әзербайжан СІМ басшысы Қазақстанға бейбітшілік процесін ілгерілетудегі қолдауы үшін алғыс айтты. 

Айта кетейік, сәуір айында Ереванда өткен келіссөз барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударған болатын. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы, бұл кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал ететінін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар