Оңтүстік Корея әлемдегі төртінші ірі экспорттаушы болғысы келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея 2026 жылдың қорытындысы бойынша жартылай өткізгіштер экспортының артуына байланысты әлемдегі экспорттаушы елдер арасында төртінші орынға шығуы мүмкін, деп хабарлайды Yonhap агенттігі. 

Южная Корея рассчитывает стать четвертым экспортером в мире
Фото: Yonhap

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) мен БҰҰ-ның халықаралық сауда жөніндегі статистикалық деректер базасының мәліметінше, осы жылдың алғашқы жеті айында Оңтүстік Кореяның экспорты 595,3 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша ел әлемде бесінші орынға жайғасқан. Одан жоғары Қытай (2,52 трлн доллар), АҚШ (1,44 трлн доллар), Германия (1,12 трлн доллар) және Нидерланд (627,7 млрд доллар) тұр.

Оңтүстік Кореяның Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігінің мәліметінше, шілдеден кейін ел экспортының қарқыны үдеп, Нидерландыдан озған. Бұған, ең алдымен, жасанды интеллектінің әлемдік деңгейде қарқынды дамуы аясында жартылай өткізгіштер экспортының артуы әсер еткен. Министрліктің болжамынша, жыл қорытындысында экспорт көлемі 1,17 трлн долларға жетіп, Оңтүстік Корея әлемдегі ең ірі экспорттаушы елдер арасында төртінші орынға шығуы мүмкін.

Сонымен бірге, статистика Оңтүстік Корея экспортының жартылай өткізгіштер өндірісіне едәуір тәуелді екенін көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы жеті айында аталған өнімдердің үлесі елдің жалпы экспорт көлемінің 30,5 пайызын құраған. Егер жартылай өткізгіштер экспорты есепке алынбаса, Оңтүстік Корея 413,6 млрд долларлық көрсеткішпен әлемдік рейтингте сегізінші орынға тұрақтар еді.

Оңтүстік Корея үкіметінің дерегіне сәйкес, соңғы айларда жартылай өткізгіштердің ел экспортындағы үлесі арта түскен. Тамызда бұл көрсеткіш 47,5 пайызға, қыркүйекте 49,9 пайызға, қазанда 49 пайызға жеткен.

Сарапшылар экспорттың бір ғана салаға тәуелді болуы экономиканы сыртқы өзгерістерге осал ететінін ескертеді. Әсіресе жартылай өткізгіштер нарығындағы құлдырау ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан олар ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін экспорттың жаңа бағыттарын дамытуды ұсынады.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяның OLED технологиясын дамытуға 369 млрд вон инвестиция салғаны хабарланған болатын.