Оңтүстік Корея демографиялық дағдарыс жағдайында әскери кадрлық саясатын өзгертеді
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея әскері 2028 жылдан бастап белгіленген талаптарға сай келетін барлық сержанттар мен старшиналарға ұзақ мерзімді әскери қызметке ауысуға мүмкіндік беретін реформаны жариялады, деп хабарлайды Yonhap.
Бұл шара сержанттық лауазымдарға үміткерлер тапшылығы артып келе жатқан жағдайда әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Қарулы күштерде маңызды рөл атқаратын сержанттық құрамды жасақтау мәселесі елдегі халық санының азаюы мен әскерге шақырылатын жастар санының қысқаруына байланысты күрделене түсті. Бұған дейін кемінде 7 жылдық ұзақ мерзімді келісімшартқа үміткерлердің шамамен 20%-ы ғана қол жеткізсе, биыл бұл көрсеткіш 50%-ға дейін ұлғайтылды. Ал 2028 жылдан бастап сандық шектеулерді толық алып тастау жоспарланып отыр.
Өткен жылы ұзақ мерзімді қызмет атқаратын сержанттар саны шамамен 3 мыңнан 3900 адамға дейін өсті.
Армия өкілдерінің айтуынша, реформа жұмыспен қамту тұрақтылығын күшейтіп, сержант мамандығын жастар үшін тартымды етуге бағытталған.
Сондай-ақ 2028 жылға қарай штаб сержанттың бірінші дәрежелі сержант атағын алу мерзімі 6 жылдан 4 жылға дейін қысқартылады. Соның нәтижесінде қызметтік жоғарылау уақыты орта есеппен 4,3 жылдан 3,2 жылға дейін азаяды.
Әскери ведомство сержанттарды заманауи технологиялармен жұмыс істеуге дайындауды да күшейтпек. Оның ішінде пилотты және пилотсыз техниканың өзара іс-қимыл жүйелері мен жауынгерлік дрондарды басқару да бар.
Бұған қоса, әлеуметтік жеңілдіктер кеңейтіліп, ақшалай қамтамасыз ету көлемі ұлғайтылады. Атап айтқанда, 2027 жылға қарай штаб сержанттың орташа айлық жалақысы шамамен 3 миллион вонға (шамамен 1950 АҚШ доллары) дейін өседі.
Айта кетейік, Германияда әрбір төртінші әскери міндетті Қорғаныс министрлігінің сауалнамасын елемеген.