Оңтүстік Корея компаниясы БҚО-ға 81 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада ағымдағы мәселелерді талқылау және перспективалы инвестициялық стратегияларды қалыптастыру үшін мемлекеттік органдар мен халықаралық инвестициялық қоғамдастықтың басын қосатын жыл сайынғы ең маңызды оқиғалардың бірі – KGIR-2024 жаһандық инвестиция бойынша қазақстандық дөңгелек үстел өтіп жатыр.
Айта кетейік, KGIR – 2024 дөңгелек үстелін Қазақстан Республикасындағы негізгі инвестициялық оқиға деп бағалауға болады, ол 2017 жылдан бастап жыл сайын ел Премьер-Министрінің басшылығымен өткізіліп келеді
Осы дәстүрден жаңылмай, биыл да дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтуде. Оған мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, облыстар мен қалалардың әкімдері, трансұлттық корпорациялардың басшылары, ірі инвесторлар, сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысып жатыр.
Бұл іс-шараның басты тақырыбы жаһандық инвестициялық үрдістерді талқылау және әлемдік нарықтардың болашағын болжау болды.
Осы дөңгелек үстел барысында сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев инвестиция тарту және бизнеске қолайлы жағдай жасау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі басымдықтар болып қала беретінін тілге тиек етті.
Ол бүгінгі дөңгелек үстел әлеуетті инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау және өңірлердің инвестициялық әлеуетін көрсету үшін бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Батыс Қазақстан облысында біз инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайларды жасадық: қолайлы климат, дамыған инфрақұрылым және қуатты өнеркәсіптік және логистикалық әлеует. Өңірде жоғары технологиялық өндірістер ашылды, бұл одан әрі өсу үшін нақты экономикалық әлеует пен тұрақтылықты көрсетеді», - деп атап өтті өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысының негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 1,6 триллион теңгені құрады, оның ішінде былтырғы 2023 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 645,6 миллиард теңгеге жетті. Бұл одан алдыңғы жылғы көрсеткіштерден 16,4 пайызға жоғары.
KGIR-2024 аясындағы маңызды оқиға Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен оңтүстіккореялық Hyundai Solar KZ 777 компаниясы арасында меморандумға қол қою болды. Компания төрт жобаны жүзеге асыруға 81,4 млрд теңге көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отыр, бұл 120 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жоспарланған жобалардың қатарында қалдықтарды өңдеу және өртеу кешені, жылыжай кешені, сонымен қатар күн панельдерінен электр қуатын өндіретін стансаның құрылысы бар. Жоғарыда аталған бастамаларды іске асыру мерзімі 2024-2026 жылдарға жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, KGIR мемлекет пен халықаралық инвестициялық қоғамдастықтың диалог алаңы ретінде танылып үлгерді. Іс-шараның басты тақырыбы – «Жаһандық инвестициялық үрдістер: Болашаққа көзқарас». Дөңгелек үстел барысында қатысушылар әлемдік нарықтардың ағымдағы үрдістері мен олардың инвестициялық стратегияларға әсерін, сондай-ақ халықаралық капиталды тартуда инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылап жатыр.