Оңтүстік Корея мен АҚШ Hyundai компаниясының ұсталған жұмысшыларын босатуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM - Оңтүстік Корея азаматтары АҚШ-тан еліне чартерлік рейспен жеткізіледі, - деп хабарлайды DW.

Оңтүстік Корея мен АҚШ Hyundai компаниясының ұсталған жұмысшыларын босатуға келісті
Фото: arcansel

- Жылдам және үйлестірілген әрекеттің нәтижесінде (...) ұсталған жұмысшыларды босату туралы келіссөздер аяқталды. Тек әкімшілік процедуралар ғана қалды, - деді президент хатшылығының жетекшісі Кан Хун Сик Оңтүстік Корея телеарнасы эфирінде.

Еске салайық, 6 қыркүйекте Джорджиядағы Hyundai зауытында соңғы жиырма жылдағы ең ірі рейд кезінде 475-ке жуық шетелдік ұсталды. Олардың көпшілігі – 300-ден астам адам – Оңтүстік Корея азаматтары. Сеул Корея азаматтарын нысанаға алған операцияға байланысты «алаңдаушылық пен өкініш» білдірді.

Жақында Оңтүстік Корея мен Америка Құрама Штаттары кореялық компаниялардың америкалық нарыққа шығуын қолдау үшін ірі сауда келісіміне қол қойды.

Сеул үкімет «ұқсас оқиғалардың алдын алу» үшін Америка Құрама Штаттарына баратын корей жұмысшылары үшін виза жүйесін жақсарту жолдарын қарастыратынын атап өтті.

Hyundai АҚШ-қа $21 млрд инвестиция салмақ.