Оңтүстік Корея президенті полицияны түбегейлі реформалауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён полиция жұмысындағы кемшіліктерді жойып, полиция тергеулерін тексеретін тәуелсіз жүйе құру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Yonhap.

Оңтүстік Корея президенті полицияны түбегейлі реформалауға шақырды
Фото: Markus Wedler / unsplash.com

Президент бұл мәлімдемені 21 қазанда ұлттық полицияның құрылғанына 81 жыл толуына арналған салтанатты рәсімде жасады.

Ли Чжэ Мённің айтуынша, құқық қорғау органдары қолданыстағы жұмыс тәсілдерін қайта қарап, олардың тиімді қызмет етуіне кедергі келтіретін жүйелі кемшіліктерді жоюы керек. Ол қоғам полицияға сеніп тапсырған тергеу өкілеттіктері әділ әрі заң талаптары мен жауапкершілік қағидаттарына қатаң сәйкес жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтті.

Президент полиция тергеулерінің барысы мен нәтижелерін сыртқы ықпалдан тәуелсіз тексеретін тетік құрудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Бұл мәлімдеме прокуратура жүйесін реформалау аясында айтылды. Реформа нәтижесінде полицияның тергеу жүргізу өкілеттігі кеңейген. Ал прокуратурада айып тағу және сотта айыптауды қолдау міндеттері сақталған.

Ли Чжэ Мён атышулы зорлық-зомбылық қылмыстарының бірнеше рет тіркелуінен кейін қоғамның полицияға деген сенімі төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарын тұрғын үйді жалға беру кезіндегі алаяқтықпен және мемлекеттік субсидияларды заңсыз алумен күресті күшейтуге шақырды. Сонымен бірге азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажеттігін еске салды.

Ли Чжэ Мённың айтуынша, полицияға деген қоғамдық сенімді нақты іс-қимылдар мен жұмыстың нәтижесі арқылы ғана қалпына келтіруге болады.

Бұған дейін Оңтүстік Корея үкіметінде ірі кадрлық өзгерістер болатыны туралы жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Оңтүстік Корея 2027 жылдан бастап министрліктерді Сеулден көшіре бастайды.