Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль туралы не білеміз

Президент Южной Кореи Юн Сок Ёль
Фото: ohmynews

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльді елімізге шақырды. Бүгін ол Қазақстанға үшкүндік мемлекеттік сапармен келеді. Оңтүстік Кореяның 20-шы президентінің өмірбаяны мен мансабы туралы Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Юн Сок Ёль деген кім?

Корея Республикасының қазіргі президенті Юн Сок Ёль 1960 жылы 18 желтоқсанда Сеулде мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ол 1983 жылы Сеул университетінде бакалавр дәрежесін, 1988 жылы магистр дәрежесін алды. 1991 жылы заңгер сертификатын алды. 1994 жылға дейін Юн Сок Ёль Оңтүстік Кореяның Сот сараптамасы және оқыту институтында біліктілігін арттырды.

1994 жылдан бастап президент лауазымына кіріскенге дейін Юн Сок Ёль прокуратура органдарында қызмет етті, тек 2002-2003 жылдары қысқа мерзімде заң фирмасында жеке тәжірибемен айналысты. 2007-2008 және 2010-2012 жылдары елдің Жоғарғы прокуратурасында қызмет атқарған. 2012-2013 жылдары Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметіне қоғамдық пікірге манипуляция жасап, елдегі президент сайлауына араласты деген айып тағылып, үлкен дау туындаған еді. Юн Сок Ёль осыған қатысты арнайы тергеу тобын басқарды. 2017 жылы Сеул орталық аудандық прокуратурасына басшылық етті. Ал 2019 жылғы шілдеде Юн Сок Ёль елдің бас прокуроры болып тағайындалды. 2021 жылғы наурызда президент сайлауына қатысу үшін қызметінен кетті.

Саяси мансабы

2021 жылғы шілдеде Юн Сок Ёль елдегі негізгі оппозициялық партия – консервативті «Халық күшіне» қосылды (бұған дейін Юн ешқандай партия мүшесі болмай, саяси тәуелсіз болған). 2021 жылдың қарашасында ол ішкі партиялық праймеризде көпшілік – 48% дауыспен жеңіске жетті.

Юнның 2022 жылғы 9 наурыздағы президенттік сайлаудағы негізгі қарсыластары билеуші ​​​​Тобуро (Барлығы бірге) Демократиялық партиясының өкілі Ли Чжэ Мён және Әділет партиясының кандидаты Сим Сан Чжон болды. IPSOS, Korea Research және Hankook Research компаниялары жүргізген сайлау алдындағы соңғы сауалнамаға сәйкес, Юн Сок Ёльдің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары болды (42,1%). Респонденттердің 37,1%-ы Ли Чжэ Мёнға, 1,8%-ы Сим Сангжонға дауыс беруге дайын болды. Сонымен қатар, 3 наурызда Халық партиясының кандидаты Ан Чхоль Су (сауалнамаға қатысқандардың 7,4% қолдауына ие болған кандидат) Юнның пайдасына өз кандидатурасын алып тастады.

Президент Южной Кореи Юн Сок Ёль
Фото: Jung Yeon-je

Нәтижесінде президент сайлауында Юн Сок Ёль 48,56% дауыс жинап, қарсыласы Ли Чжэ Мёнды (47,83%) сәл ғана басып озды. Дауыс беруге сайлаушылардың 77,1 пайызы қатысты.

Президент ұстанымы

Юн Сок Ёльдің президенттік мерзімі 2022 жылдың 10 мамырында басталды. Ол ант қабылдап, Корея Республикасының 20-шы президенті ретінде ресми түрде қызметіне кірісті.

Юн Сок Ёльдің сайлауалды бағдарламасында: халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, цифрлық үкімет құру, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, тең білім беру мүмкіндіктеріне кепілдік беру және COVID-19 пандемиясының салдарын еңсеруге ерекше көңіл бөлінді.

Ол КХДР тарапынан ядролық қауіп төнген жағдайда алдын ала соққы беру үшін АҚШ-пен одақтастықты және Корея Республикасының әскери әлеуетін нығайтуға ниетті. Сонымен бірге, президент Юн Солтүстік Кореямен бейбіт келісімге қол қоюға және егер олар ядролық қару арсеналын қысқартуға келісетін болса, барынша қаржылық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Юн Сок Ёльдің пікірінше, Солтүстік Кореяға қарсы халықаралық санкциялар сақталуы керек, осылайша КХДР-ға ядролық қарудан толық бас тартуға қысым көрсетуге болады. Сонымен қатар, ол Қытаймен өзара тиімді экономикалық байланыстарды кеңейтуді жақтайды.

2023 жылғы 9 қыркүйекте Үндістанда өткен G20 тобының саммитінде президент Юн Сок Ёль «Жасыл климат» қорына қосымша 300 миллион доллар беретінін мәлім етті. Биылғы жаңажылдық үндеуінде Корея президенті халықтың әл-ауқатының деңгейі артып, көптеген экономикалық мәселелер шешімін табатынына сендірді.

Зеленый климатический фонд
Фото: Midjourney

Ал, жақында Оңтүстік Корея президенті елді жасанды интеллект саласында әлемдегі үздік үштікке енгізуге уәде берді.

Мен еліміздің AI технологиясы саласында үздік үштікке кіруін, жад микросхемаларының шеңберінен шығып, болашақ жасанды зейін нарығын жаулап алуы үшін AI чиптерін жасау жөніндегі бастаманы ілгерілетемін, – деді ол жартылай өткізгіш өнеркәсібіне арналған конференцияда.

Сондай-ақ, ол елдің жартылай өткізгіш өнеркәсібін қолдау үшін жасанды зейін саласы мен чиптер жасауға құны 19 миллиард доллардан асатын инвестиция құймақ. Оңтүстік Кореяның Ренхап ақпарат агенттігінің хабарлауынша, президент Юн 2026 жылы Сеул маңында микрочиптер шығаратын өнеркәсіптік кешен құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Interfax Корея банкінің деректеріне сілтеме жасап, 2024 жылдың қаңтар-наурызында Оңтүстік Корея экономикасы алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 1,3%-ға өсті деп хабарлады. Бұл – 2021 жылдың төртінші тоқсанынан бергі ең жоғары өсім.

Президент биылғы сәуірде Ұлттық жиналыс (парламент) сайлауында билік басындағы «Халық күші» партиясы жеңілгеннен кейін де реформалар жалғасады деп уәде берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша негізгі оппозициялық «Демократиялық партия» мен оның жақтастары 300 депутаттан тұратын Ұлттық жиналыста 176 орынға ие болды. Бұл ретте билеуші ​​«Халық күші» партиясы мен оның серіктестері 108 орын иеленді.

Отбасы. Бірінші ханым

Юн Сок Ёль 2012 жылы Ким Кон Хиге үйленді. Ол әртүрлі мәдени іс-шараларды, көрмелерді ұйымдастырумен айналысқан.

Ким Кон Хи елдің қоғамдық өміріне белсене араласады. Өткен жылы ол Сеул зағиптар мектебінде болып, 40-қа жуық оқушыны жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

2023 жылы Ким Кон Хи Хиросимада Жапония премьер-министрінің әйелі Юко Кишидамен достық кешкі ас та өткізді. Кореяның бірінші ханымы Корея мен Жапония азаматтары бір-бірімен жақындасып, тату бола алатынына сенім білдірді.

Ким Гон Хи мен Юко Кисида
Фото: Корея Республикасы президентінің кеңсесі

 

Соңғы жаңалықтар