Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оңтүстік Корея соты бұрынғы бірінші ханым ісінің үкімін кейінге қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты бұрынғы бірінші ханым Ким Гон Хидің сыбайлас жемқорлыққа қатысты ісі бойынша үкім шығару отырысын кейінге қалдырды. Іс толық құрамдағы сот алқасының қарауына жіберілді, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.

Оңтүстік Корея соты бұрынғы бірінші ханым ісінің үкімін кейінге қалдырды
Фото: Yonhap

Бұған дейін соттың екінші алқасы істі жұма күні сағат 14:00-де қарауды жоспарлаған болатын. Алайда жаңа отырыстың өтетін күні әзірге жарияланған жоқ.

Іс бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің жұбайы Ким Гон Хидің акция бағасын қолдан көтеру схемасына қатысы бар деген күдікке, Бірігу шіркеуінен қымбат сыйлықтар алды деген айыпқа және өзін ықпалды делдал ретінде таныстырған тұлғадан қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін тегін алды деген айыптауларға қатысты.

Істің толық құрамдағы сотқа берілуіне төменгі сатыдағы соттардың қоғамдық пікір сауалнамаларына қатысты әртүрлі шешімдері себеп болған болуы мүмкін. Бұл эпизод бойынша Ким Гон Хи ақталғанымен, оның жұбайы Юн Сок Ёль ішінара кінәлі деп танылған.

Бөлек іс бойынша Сеул мэрі О Се Хун да сәрсенбі күні өзін ықпалды делдал ретінде таныстырған Мён Тхэ Гюннен қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін тегін алды және олардың ақысын жақтастарының бірі төлеген деген айып бойынша кінәлі деп танылды.

Жоғарғы соттың толық құрамдағы қарауына іс, әдетте, төрт судьядан тұратын алқаның шешімі жеткіліксіз деп танылғанда немесе судьялар арасында пікір қайшылығы болған жағдайда жіберіледі.

Өткен аптада да сот отырысы бір рет кейінге шегерілген еді. Бұған Ким Гон Хиге айып таққан арнайы прокурорлар тобының қосымша материалдар ұсыну үшін уақыт сұрауы себеп болды. Бұған дейін Ким Гон Хидің арнайы прокурорлар тобына келуін кейінге қалдырғаны хабарланған.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль тағы екі жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оның алдында оған 30 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шығарылған.