Оңтүстік Корея ұшу-қону жолақтарындағы бетон бөгеттерді алып тастайды
АСТАНА. KAZINFORM – Мұндай шешім адам өліміне әкелген ұшақ апатынан кейін қабылданды, деп хабарлайды ВВС.

Желтоқсанда 179 адамның өмірін қиған ұшақ апатынан кейін Оңтүстік Корея елдегі 7 әуежайда навигация үшін пайдаланылған бетон конструкцияларын өзгертеді. Бұл ел тарихында ең көп адам өліміне әкелген апат болды.
Оңтүстік Кореядағы барлық әуежай тексерілгеннен кейін 7 әуежайда ұшу-қону жолағындағы қауіпсіздік аймақтары да икемделеді.
Апаттың себебі әзірге белгісіз, бірақ авиациялық қауіпсіздік сарапшылары аталған құрылыс болмаған жағдайда қаза болғандар саны әлдеқайда аз болуы мүмкін екенін айтқан.

Бетон конструкцияда ұшақтардың қонуына көмектесетін навигациялық жүйе бар. Оңтүстік Кореяның көлік министрлігі бұл жүйе елдегі және шетелдегі басқа әуежайларда да бар екенін мәлімдеді.
Қауіпсіздік инспекторлары осындай 9 жүйені анықтады. Олардың арасында Муан әуежайындағы жүйелер мен елдегі екінші үлкен әуежай Чеджу халықаралық әуежайы да бар.
Қазіргі уақытта бетон негізді жеңіл құрылымдарға ауыстыру немесе оны жер астына төсеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Шенеуніктер Муан халықаралық әуежайында қолданыстағы бетон бөгеттер толығымен жойылатынын атап өтті.