Оңтүстік Кореяда Google мен Apple-ға 47,6 млн доллар айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның реттеуші органы Google мен Apple компанияларына қосымша әзірлеушілерінің төлем тәсілдерін таңдауына шектеу қойғаны үшін жалпы сомасы 63,7 млрд вон (47,6 млн доллар) айыппұл салды, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.

Оңтүстік Кореяда Google мен Apple-ға 47,6 млн доллар айыппұл салынды
Фото: Kazinform / ЖИ

Кореяның БАҚ және коммуникациялар жөніндегі комиссиясы Google компаниясына 42,9 млрд вон (32,3 млн доллар), ал Apple-ға 20,81 млрд вон (15,5 млн доллар) айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Реттеуші орган екі компанияның қосымшалар дүкендерінің жұмысын реттейтін телекоммуникация туралы заңды бұзғанын анықтаған.

Комиссия айыппұлдан бөлек, компаниялардан заңбұзушылықтарды жоюды талап етеді. Алайда қылмыстық іс қозғау туралы құқық қорғау органдарына жүгінбейді.

Тексеру қорытындысына сәйкес, Google мен Apple нарықтағы басым жағдайын пайдаланып, әзірлеушілерді белгілі бір төлем жүйелерін қолдануға мәжбүрлеген. Сондай-ақ өзге төлем сервистерін пайдалануға тиімсіз жағдай жасаған.

Шешім 2023 жылғы қазанда басталған тергеу рәсімінен кейін, шамамен үш жыл өткен соң қабылданды.

Комиссия әзірлеушілерге балама төлем тәсілдерін ұсынуға, соның ішінде қосымшалардың ішіне сыртқы төлем сервистеріне сілтеме орналастыруға рұқсат беруді талап етті. Сондай-ақ сыртқы төлем жүйелерін пайдаланғаны үшін алынатын комиссия негізді болуы керек.

Google-дан үшінші тарап сервистері арқылы төлем жасаудың қолайлылығына қатысты нұсқаулықтарын қайта қарау талап етілді. Ал Apple балама төлем тәсілдерін ұсыну үшін әзірлеушілерден жеке қосымша тапсыруды талап етуді тоқтатуы тиіс.

Екі компания да тиісті нұсқамаларды алғаннан кейін бір ай ішінде заңбұзушылықтарды жою жоспарын ұсынуға, ал қажетті өзгерістерді үш ай ішінде іске асыруға міндетті.

Google реттеуші орган компанияның төлем саясатына енгізілген соңғы өзгерістерді ескермегенін мәлімдеді. Компания наурыз айында сыртқы төлемдерге рұқсат беріп, комиссия мөлшерін азайту жоспарын жариялаған.

Apple да комиссия шешімімен келіспейтінін білдірді. Компанияның мәлімдеуінше, былтыр App Store экожүйесі арқылы түскен табыстың 90 пайыздан астамы әзірлеушілерге қайтарылған. Apple Оңтүстік Корея заңнамасын ескере отырып, бұдан кейінгі қадамдарын қарастыратынын хабарлады.

Айта кетейік, Ирландияда Google компаниясы пайдаланушылардың геолокациясын бақылағаны үшін 403 миллион еуро айыппұл төледі.

Ал «Google салығы» Қазақстан бюджетіне 200 млрд теңге қаржы әкелетіні хабарланды.