Оңтүстік Кореяда ұшақ апатынан кейін 68 мың жолаушы әуе билетін кері қайтарған

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореядағы ұшақ апатынан кейін тұрғындар әуе сапарларынан бас тартып жатыр. Бұл туралы 24.kz сайты жазды.

Әуе билеті
Фото: trvl.click

Екі күнде 68 мың билет кері қайтарылған. Көбі апатқа ұшыраған «Чеджу Эйр» компаниясына тиесілі. Сондықтан туристік агенттіктер дәл осы тасымалдаушының рейстерінен бас тартқан жолаушылардан айыппұл алмай жатыр.

Олар клиенттеріне өзге ірі әуе компанияларын ұсынып, билеттерін ауыстырып беріп жатыр. 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның Муан қаласының халықаралық әуежайында Боинг 737-800 лайнері ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, бетон қоршауға соғылған. Артынша жарылыс болып, соңы өртке ұласқан. Салдарынан бортындағы 181 адамның тек екеуі ғана тірі қалды.

Апатқа әуе кемесінің дөңгелегіндегі ақау себеп болуы мүмкін. Ал кеше дәл осы компанияның дәл осы модельдегі басқа ұшағында дөңгелегіне қатысты проблема туындап, лайнер әуежайға оралған. Бұл оқиғалардан кейін билік Боинг 737-800 үлгісіндегі барлық ұшақты тексеру тапсырмасын берді. Жергілікті әуе тасымалдаушылардың көбі осы ұшақтарды жиі қолданады.

Еске сала кетейік, жойқын ұшақ апатынан кейін Оңтүстік Кореяда Boeing 737-800 ұшақтары түгел тексерілгелі жатқанын жазған едік.