Оңтүстік Кореядағы зауыттан өрт шықты: жеті адам зардап шегіп, өрт сөндіруші қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM- 16 қазан, жұма күні таңертең Сеулдің батысындағы Пучхон қаласында металл өңдеу зауытында өрт шығып, жеті адам зардап шекті. Жүрегі тоқтап қалған өрт сөндірушілердің бірі ауруханаға жеткізілді. Өртті сөндіруге 80 өрт сөндіруші жұмылдырылды, деп хабарлайды Yonhap.
Өрт жергілікті уақыт бойынша сағат 8:38-де зауыттың төрт қабатты ғимаратында басталған. Шамамен екі сағаттан кейін өрттің негізгі бөлігі оқшауланды.
Екі өрт сөндіруші ауыр жарақат алды. Олардың бірі жүрегі тоқтағаннан кейін ауруханаға жеткізілді. Тағы үш өрт сөндіруші мен зауыттың екі қызметкері жеңіл жарақат алды. Олардың арасында түтінге уланып қалғандар да бар.
Өрттің шығу себебі анықталады. Алдын ала мәлімет бойынша, зауытта тез тұтанатын материалдар сақталған.
Оқиға туралы баяндама алған Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён өртті сөндіру және қауіп төніп тұрған адамдарды құтқару үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Кан Ю Чжон хабарлады.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымына қатысты сот үкімі өзгерді.