Оңтүстік Кореяның әкімшілік орталығы туристерді тартуға басымдық бермек

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның әкімшілік орталығы Седжон қаласы халықаралық туризмді дамытуға ден қойып отыр. Қала билігі инфрақұрылымды жетілдіріп, шетелдік туристер үшін жаңа мүмкіндіктер жасауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды The Korea Times.

Южная Корея перенесет 44 министерства и ведомства из Сеула в Седжон
Фото: Seoul Economic Daily

Сеулден оңтүстікке қарай шамамен 130 шақырым жерде орналасқан Седжон қаласының негізі 2012 жылы қаланған. Қазір мұнда 400 мыңға жуық адам тұрады. Қаланың дамуы бірқатар мемлекеттік министрліктің Сеулден көшірілуімен тығыз байланысты.

Енді Седжон халықаралық конференциялар мен көрмелерге қатысушыларды тартуды, туристік бағдарламаларды кеңейтуді және шетелдік қонақтарға қолайлы жағдай жасауды көздеп отыр.

Қаланың ерекше көрікті орындарының бірі – үкіметтік кешеннің төбесінде орналасқан ұзындығы 3,6 шақырымға жуық бақ. Ол 15 мемлекеттік ғимаратты біріктіріп тұр. 2016 жылы бұл нысан әлемдегі ең үлкен шатыр бағы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Бақ тұрғындар мен туристердің серуендеп, демалуына арналған. Оның биігінен қаланың панорамалық көрінісін тамашалауға болады.

Седжонның тағы бір ерекшелігі – жерасты қалдық жинау жүйесі мен өзара байланысқан үкіметтік ғимараттар. Мұндай инфрақұрылым қаланың «ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде дамып жатқанын көрсетеді.

Туристер назарын аударатын тағы бір нысан – Кымган өзені арқылы салынған ұзындығы 1446 метрлік Иын көпірі. Оның ұзындығы кездейсоқ таңдалмаған. Бұл сан 1446 жылы Седжон патшаның корей әліпбиін таныстырған «Хунминджоным» еңбегінің жариялануымен байланысты.

Заманауи сәулетімен қатар қалада тарихи орындар да сақталған. Мәселен, 1931 жылы ашылған дәстүрлі базар Седжонның ескі бөлігінде әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.

Алдағы уақытта өңірге туристер қызығушылығы арта түседі деп күтіледі. Өйткені 2027 жылы Чхунчхон өңірінде FISU дүниежүзілік Универсиадасы өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін BTS тобының танымалдығы аясында Оңтүстік Кореяға келетін туристер саны рекордтық деңгейге жеткені хабарланған болатын.