Оңтүстік Кореяның бұрынғы әділет министрі 25 жылға бас бостандығынан айырылды

АСТАНА.KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның бұрынғы әділет министрі Пак Сон Чже бұрынғы президент Юн Сок Ёль жариялаған әскери жағдайға қатысқаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Yonhap

Оңтүстік Кореяның бұрынғы әділет министрі 25 жылға бас бостандығынан айырылды
Фото: Yonhap

Пак Сон Чже төңкеріс ұйымдастыруда және билікті теріс пайдалануда маңызды рөл атқарды деп айыпталды. Тергеушілердің айтуынша, бұрынғы президент Юн Сок Ёль 2024 жылдың 3 желтоқсанында әскери жағдай жариялағаннан кейін, Әділет министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктерінің жиналысын өткізген.

Арнайы прокурор тобы 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Алайда, Сеул орталық аудандық соты қатаң жаза тағайындады. Сот сонымен қатар дәлелдемелердің жойылу қаупін айтып, Пак Сон Чжені дереу сотқа дейінгі қамауға алуды бұйырды.

Бұрынғы министрдің қорғау тобы сот шешіміне дереу шағымданатынын мәлімдеп, оны «фактілерге немесе заңды қағидаттарға негізделмеген үкім» деп атады.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа президент Ли Чжэ Мён үш істі — әскери төтенше жағдайға байланысты оқиғалар, теңіз жаяу әскері сарбазының өлімі және Юн Сок Ёльдің әйеліне қатысты жемқорлық айыптауларын тергеу үшін үш прокурор тағайындаған болатын. 10 шілдеде Сеулдің Орталық аудандық соты әскери төтенше жағдайға қатысты істі тергеп жатқан арнайы прокурор Чо Ын Соктың өтінішімен Юн Сок Ёльді қамауға алу туралы ордер берді.

Елде әскери жағдайды енгізу әрекетіне байланысты оған қарсы барлығы сегіз қылмыстық іс қозғалды.

2026 жылдың қаңтарында Юн Сок Ёл тұтқындауға кедергі келтірді деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Ақпан айында ол әскери жағдайды жариялау арқылы көтеріліс ұйымдастырғаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылды.

Кейінірек ол шешімге шағымданды.