Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымына қатысты сот үкімі өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның апелляциялық соты сейсенбіде елдің бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хидің парақорлық ісі бойынша жеті жылдық түрме жазасын бес жылға қысқартты. Бұл туралы Kazinform Yonhap агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Суд сократил срок тюремного заключения бывшей первой леди Южной Кореи
Фото: NEWSIS/XinHua/Global Look Press

Ол қызметке тағайындау мен іскерлік мәселелерді шешуге көмектескені үшін қымбат сыйлықтар алғаны үшін сотталған. 

Сеулдің Жоғарғы соты Ким Кон Хиге, яғни Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің жұбайына жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған бірінші сатыдағы сот шешімін ішінара өзгертті. Апелляциялық сот арнайы прокурор Мин Чжун Гидің таққан кейбір айыптары бойынша Ким Кон Хиді кінәсіз деп таныды.

Бұған дейін арнайы прокурорлар тобы Ким Кон Хиге тағылған айыптаулардың бірінде оның құрылыс компаниясының төрағасынан 2022 жылғы наурыз-мамыр айлары аралығында жалпы құны 100 миллион воннан асатын (шамамен 73 мың доллар) зергерлік бұйымдар алғанын көрсеткен. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл сыйлықтар оның күйеубаласын мемлекеттік қызметке тағайындауға ықпал етуі үшін берілген.

Бұған қоса, Ким Кон Хиге 2022 жылғы сәуірде Ұлттық білім беру комиссиясының бұрынғы басшысынан өзіне қызмет тағайындалуына ықпал еткені үшін алтын тасбақа мүсіні мен картинаның көшірмесін алған деген айып тағылған. Сондай-ақ сол жылы пастордан Dior сөмкесін, ал қыркүйек айында басқа кәсіпкерден Vacheron Constantin сағатын алғаны айтылды.

Елдің бұрынғы бірінші ханымына 2023 жылғы ақпанда бұрынғы прокурордан белгілі суретші Ли Уфанның картинасын алған деген де айып тағылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл сыйлық оның сайлауға кандидат ретінде түсуіне жәрдемдескені үшін берілген.

2026 жылғы маусымда Сеул соты Ким Кон Хиді тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Еске сала кетейік, Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль де елде әскери жағдай енгізуге әрекет жасағаны үшін қамауда отыр. Оған қатысты сегіз қылмыстық іс қозғалған.

Сонымен қатар 2026 жылғы шілдеде Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті тағы бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Ақзат Жиеналина