Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентінің сайлануы жарамсыз деп танылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбі күні апелляциялық сот Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің сайлау заңнамасын бұзғаны үшін ісі бойынша шешім шығаруы керек. Егер сот үкімі күшіне енсе, негізгі оппозициялық партия сайлау науқанына жұмсалған 30 миллион долларға жуық қаражатты қайтаруға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл туралы Yonhap агенттігі жазды.

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентінің сайлануы жарамсыз деп танылуы мүмкін
Фото: Yonhap

Сеул Жоғарғы сотының тыңдауы сағат 14:00-ге жоспарланған және ол тікелей эфирде көрсетілмек. Юн Сок Ёльге «Халықтың күші» партиясынан ұсынылған кандидат ретінде 2022 жылдың наурыз айындағы сайлау алдындағы науқанда жалған мәлімдемелер жасады деп айып тағылды.

Шілде айында аудандық сот Юн Сок Ёльді кінәлі деп танып, оны 18 айға бас бостандығынан айыру, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Егер апелляциялық шағымдардан кейін үкім күшіне енсе, Юнның сайлануы жарамсыз деп танылады және «Халықтың күші» партиясы сайлауға жұмсалған 39,7 миллиард вон (29,5 миллион доллар) шығынды қайтаруға міндетті болады.

Сайлау туралы заңға сәйкес, егер кандидаты кемінде 15% дауыс жинаса, мемлекет сол партияға сайлау науқанының шығындарын толығымен өтейді. Егер сол кандидат сайлау заңнамасын бұзғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе немесе оған кемінде 1 миллион вон айыппұл салынса, партиялар барлық қаражатты қайтаруға міндетті. Мұндай жаза олардың сайлау нәтижелерін де жарамсыз етеді.

Юн Сок Ёль 2021 жылдың желтоқсанында өткен баспасөз іс-шарасында адвокатын бұрынғы салық қызметкерімен — прокуратурада жұмыс істеген кездегі жақын серіктесінің ағасымен таныстырмағанын айтып жалған мәлімдеме жасады деп айыпталған. Оған тағылған тағы бір айыптамаға сәйкес, 2022 жылдың қаңтарындағы сұхбатында бақсы Чон Сон Бэмен партия қызметкері таныстырғанын айтып өтірік айтқан, сондай-ақ бақсымен әйелі Ким Гон Химен бірге кездескенін жоққа шығарған.

Қамауда отырған бұрынғы президент 2024 жылдың желтоқсанында әскери жағдай енгізбек болып, ол әрекеті сәтсіз аяқталған болатын. Содан кейін қызметінен босатылып, бірнеше қылмыстық айыптау тағылды.

Сеулдің орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ельге 2024 жылдың желтоқсанындағы бүлік туралыіс бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 

Артынша, Юн Сок Ёль өмір бойына сотталу үкіміне апелляция берді.