Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару: Үкіметте жаңа ұсыныстар пысықталады

АСТАНА. KAZINFORM –  Үкіметте жұмыссыздардың оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуын ынталандыруға қатысты ұсыныстар қаралады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару:  Үкіметте жаңа ұсыныстар пысықталады
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бүгін Сенатта демографиялық өсу тақырыбына арналған Үкімет сағатынан кейін тілшілер Үкімет басшысының орынбасарынан оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы неліктен нәтиже бермегенін сұрады.

«Қазір оңтүстіктен солтүстікке көшіргенде ең негізді мәселе ретінде жұмыс орындарының болуына назар аударып отырмыз. Екіншіден, баспанамен қамтамасыз етуді де қарастырып жатырмыз. Әрине, біз ойғандай үлкен көш болмағанымен, қоныс аударған адамдар жұмыспен әрі баспанамен қамтамасыз етіліп, табысты болуы керек. Бүгін Сенаттағы Үкімет сағатындағы депутаттар біраз ұсыныс берді. Осы бойынша тиісті қадамдарды қарастырамыз», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, қазір солтүстік өңірлерде жұмыс орындарын көптеп ашуға, бұл өңірлерде ауқымды жобаларға екпін қойылады.

«Жұмыс орындары арқылы ғана азаматтарды тарта аламыз. Оңтүстік өңірлердегі жұмыссыздарды солтүстік облыстарға тек қоныс аудартқаннан проблема шешілмейді ғой?! Сондықтан экономикалық тұрғыда Үкіметте бұл мәселені тағы пысықтаймыз», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы тиісті нәтижені бермегенін айтты. 

Соңғы жаңалықтар