Оп-оңай қағидат: Бектенов ақшаға алынатын материалдар мен тауарлардың отандық болуы жайында
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өндірілетін қандай да бір тауарды импорттау мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
- Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, қазақстандық кәсіпорындардан сатып алуды қамтамасыз ету үшін тауарлар тізбесі мен олардың көлемдерін айқындасын. Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық палатасымен, мүдделі мемлекеттік органдармен және компаниялармен бірлесіп, жыл соңына дейін импортты алмастыратын өнімдерге қатысты сатып алудың барлық түрі бойынша 2027 жылға арналған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жоспарын бекіту қажет, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Өнеркәсіп министрлігіне Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, үш ай ішінде Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімін өтінімдерді қарау мерзімдерін белгілей отырып, мемлекеттік көрсетілетін қызмет форматына ауыстыруды тапсырды.
- Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық тасымалдар үшін отандық жүк техникасына сұранысты ынталандыру, оның ішінде жеңілдікпен лизингті кеңейту жөнінде шаралар қабылдасын, - деді ол.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Өнеркәсіп министрлігіне импортты алмастыруды дамыту бойынша басым бағыттарды айқындап, оларды Қазақстанда локализациялау шараларын әзірлеуді жүктеді.
- Жалпы қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, олар ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек. Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз oны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді деп айту керек. Үкімет мүшелеріне және өңір басшыларына айтатыным, ескеріңіздер, - деді Олжас Беткенов.
Сонымен қатар Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасында отандық өнімге басымдық беруді тапсырды.