Опат болған ұшқыштың отбасына Астанадан пәтер берілді

АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Авиация апатынан қайтыс болған полковник Марат Едігеевтің отбасына Астана қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Опат болған ұшқыштың отбасына Астанадан пәтер берілді

«Біз енді жауынгер досымызды, жайсаң командирімізді, тәжірибелі ұшқышты, үлгілі отағасын қайтарып ала алмаймыз, бірақ оның жарқын бейнесін ешқашан есімізден шығармаймыз», - деді ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов.
Қайтыс болған офицердің жары, туған туыстары Қазақстан армиясының басшылығына қолдау көрсетіп, көңіл білдіргендеріне ризашылықтарын білдірді.
2013 жылғы 23 сәуірде жоспарға сәйкес ұшу-жаттығулары кезінде сағат 22.40-та Қарағанды облысы Шет ауданы Просторное ауылына жақын жерде МиГ-31 ұшағы апатқа ұшырады. Экипаж парашютпен секіріп үлгерді, өкінішке орай экипаж командирі полковник Едігеев Марат Оразұлы қайтыс болып, штурман майор Галимзянов Руслан Раифұлы орта деңгейдегі жарақатпен госпитальға түскендігін еске саламыз.
Әскери қызметін атқару барысында ерлік пен табандылық танытқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен полковник Марат Едігеев қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.