ОПЕК+ келісімі инвестициялық климатты болжауға мүмкіндік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОПЕК+ келісімі инвестициялық климатты болжауға мүмкіндік берді. Бұл туралы XI Еуразиялық KAZENERGY форумы барысында РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Аркадий Дворкович мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ОПЕК+ келісімі инвестициялық климатты болжауға мүмкіндік берді

ОПЕК+ келісімін бекітуде Ресей тарапы негізгі рөлдердің бірін атқарғанына тоқталған ол, «Келісім соңғы айларда мұнай құнын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Біздің ойымша, бұл сәтті қадам болды. Нарықтарда тұрақтылық байқалып, инвестициялық климат жақсарып, оның көлемі қайта арта түсті», - деді А. Дворкович.

Осы орайда ол алдағы онжылдықта мұнайгаз секторындағы инвестициялардың тұрақтылығы басымдықтардың бірі болып табылатынын атап өтті. Оның пайымынша, бұл тұрғыда әлемдік энергетика бір мезеттік геосаясаттың тұтқынында болмауы тиіс.

«Егер де біз қажетті инфрақұрылымсыз қалсақ, сонымен қатар мұнайгаз кен орындарын игерудің қажетті қарқынынан қалып қойсақ, онда осының салдары баршасына ауыр тиеді», - деді ол.

«Жаңаратын энергия көздері басымдықты бағыт болып табылады, алайда ол әзірге қымбатқа түсуде. Осы ретте бұл энергияны арзандату үшін жаңа технологиялар бойынша жұмыс істеудеміз. Сондықтан бұл шаралар белгілі бар уақытты қажет ететіні анық. Ал оған дейін біз өз халықтарымызды, тұтынушыларды жоғары шығындарға батырмауымыз қажет», - деп түйіндеді сөзін Аркадий Дворкович.