ОПЕК нарықтағы жағдайдың тұрақталуы бойынша болжамдарын өзгертті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ОПЕК әлемдік мұнай нарықтарындағы тұрақтылық 2017 жылдың ІІ және ІІІ тоқсандарында қалпына келе бастайды деп есептейді.
Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығында ОПЕК-тің бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ТАСС агенттігінің жазуынша, бас хатшы бұл болжамдар 10 желтоқсанда Венада бекітілген келісім негізінде жасалып отырғанын баса айтқан. Баркиндоның айтуынша, бұған дейін ОПЕК тұрақтылық тек 2017 жылдың III - IV тоқсандарында немесе 2018 жылдың І-ІІ тоқсандарында орнайтынын болжаған еді.
Бұл ретте, Баркиндо 2017 жылы мұнайға күтіліп отырған бағаны атамады. Ол ОПЕК нақты сандарды бағдарлаудан бас тартуды «саяси принцип» етіп алғанын мәлімдеді. Алайда, аталмыш ұйымда сараптамалық баяндамаларды әзірлеуге жауапты Хорхе Леон айтып бергендей, ОПЕК 2017 жылы әлемдік мұнай бағасын барреліне $50 шамасында болжап отыр.
Баркиндоның айтуынша, бекітілген келісімдердің орындалуын өнімді бақылау жөніндегі жоғары деңгейдегі комитет қадағалайтын болады.
«Мен аталған келісімнің толығымен және өз уақытында орындаларына бек сенімдімін. Алжирдегі кездесуге дейін-ақ, сарапшылардың дені біздің келісім орната алатынымызға шүбә келтірген еді, бірақ біздің қолымыздан келді», - деді М.Баркиндо.
Айта кетейік, 30 қараша күні ОПЕК құрамындағы мемлекеттер мұнай өндірісін қысқарту туралы келіскен болатын: 2017 жылдың қаңтар айынан бастап ол тәулігіне 1,2 миллион баррельге дейін қысқарады.
Ал 10 желтоқсан күні Венада ОПЕК-ке мүше емес елдер министрлерінің картельге енбейтін мемлекеттер өкілдерімен кездесуі өтті. Отырыс алты сағатқа жалғасып, нәтижесінде мұнай өндірісін шектеу туралы келісімге қол қойылды. Ресей энергетика министрі Александр Новактың хабарлауынша, келісімге ОПЕК-ке кірмейтін 11 мемлекет қосылды. Олар алғашқы жартыжылдықта мұнай өндірісін шамамен тәулігіне 560 мың баррельге дейін азайтатын болады.
12 желтоқса күні Астанада ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан да мұнай өндірісін қысқартатынын мәлім етті. «Төмендеу Қазақстан үшін символдық десек те болады. Қазақстанның қарашадағы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 1,7 млн. тоннаны құрағандығын ескерер болсақ, 20 мың тонна - бұл іс жүзінде символдық төмендеу», - деді ол.
Сондай-ақ министр ОПЕК-ке кірмейтін 11 елдің ішінде Қазақстан мұнай өндіру деңгейі бойынша Мексикадан кейінгі екінші орында тұрғанын атап өтті.