ОПЕК төтенше саммиттің шақырылу мүмкіндігі жайлы мәлімдеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ОПЕК төрағасы, Нигерияның мұнай министрі Эммануэль Ибе Качикву мұнай бағасының құлдырауына байланысты ұйым наурыз айының басында төтенше саммит өткізу мүмкіндігін қарастырып отырғанын хабарлады.
Министрдің сөзіне қарағанда, кезектен тыс кездесу өткізуді ОПЕК құрамына кіретін бірнеше ел сұраған.
Кездесуде мұнай экспорты бойынша ОПЕК саясатын өзгерту қажеттілігі талқыланады.
Желтоқсанның басында мұнайды экспорттаушы елдер ұйымы Венадағы саммит қорытындысы бойынша мұнай өндіруді қазіргі деңгейде қалдыру шешіміне келген болатын. Ол ұйымның ресми квотасынан күніне 2 млн баррельге артық.
Сейсенбіде азиялық нарықта мұнай бағасының баррелі 31 доллардан төмендеді. Brent маркілі мұнай бағасы 50 центке арзандағанымен 31 доллар деңгейінде қалды. Оның баррелі 31,02 доллар болып отыр.