Open Almaty халық пен әкімдіктің байланысын нығайтып келеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Open Almaty қоғамдық қабылдау алаңы қандай жұмыс атқарғанын жоба өкілі Еркебұлан Кенжеболатов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы әкімдігі қоғаммен байланыс бойынша Қазақстандағы прогрессивті қалалардың бірі.
Әкімдіктің Instagram парақшасына 153 000 адам жазылған.
Құзырлы органдар парақшаға түскен ақпараттың барлығын тексеріп түйткілді мәселелерді шешіп келеді.
«Әлеуметтік желіде жарияланған өтініштер заңды күші болмағандықтан, әкімдік Open Almaty қабылдауын құрды. Қазір Open Almaty берілген өтініштер заңды күшке ие. Жауап 15 күн ішінде беріледі. Азаматтар өтініш білдіргенде немесе арызданған жағдайда талон алып, портал арқылы бақылай алады. 15 күннен соң электронды поштаға жауап келеді», - деді Open Almaty өкілі Еркебұлан Кенжеболатов.
Open Almaty фронт офисінде ең негізгі табиғатты пайдалану, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы, көлік және автомобиль басқармаларының өкілдері отыр.
«Барлық түскен қоңырауларды қабылдап әкімдікке сол күні жібереміз. Одан әрі құзырлы орган өкілдерінің жауап беруін қадағалау мойнымызда. Ол үшін енді алматылықтарға әкімдікке барудың қажеті жоқ.
Мұнда ХҚКО, прокуратура, ІІД өкілдері де отыр. Ең күрделі және жиі кездесетін мәселелерге байланысты іс-әрекет алгоритмі құрылған. Адамдар схема арқылы жұмыс істейді», - деді ол.
Сонымен қатар, фронт-офисте мемлекеттік орган өкілдері халықпен кездесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Бүгін қалалық медициналық сақтандыру қорының өкілдері қор жұмысын қалай жұмыс жасайтынын айтып берді.