Операциялық медбике болу әркімнің қолынан келмейтін күрделі мамандық – Арзугуль Хайруллаева

Арзугуль Хайруллаева өз мамандығы бойынша 23 жыл жұмыс істеп келеді. Соңғы 7-8 жыл ішінде акушер–гинекологтерге операция кезінде көмектесіп, күн сайын өмірге жаңа келген нәрестелерді көріп жүрген жан. Операциялық блокта медбике дәрігерлердің таптырмас көмекшісі. Олар пациенттерді операцияға дайындайды және операция кезінде дәрігермен бірдей иін тіресе еңбек етеді.
«Операциялық медбике – бұл хирургиялық топтың барлық мүшелерін байланыстыратын буын. Ол бүкіл операцияның барысын біліп қана қоймай, хирургке қай уақытта қандай құрал беру керектігін түсінуі керек. Күрделі операциялар көбінесе толық тыныштықта өтеді. Хирург оған құралдардың ішінен не қажет екенін әлі айтпаса да, мейірбикенің біліп берген кездері де болады. Медбикенің кәсібилігі шұғыл жағдайларда өте маңызды, ол кезде барлық жағдайды бағалау және операцияға дайындау үшін бірнеше секундтар жеткілікті болуы мүмкін. Оперблоктың маманы болу әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл қиын жұмыс, бірақ ол жүректің қалауымен таңдалатын мамандық. Сонымен қатар, хирургиялық топтың құрамындағы жауапкершіліктің ауырлығын нақты білу қажет. Бұл қызметке келетіндер көп, бірақ бәрі бірдей психоэмоционалды және физикалық белсенділікке төтеп бере бермейді. Біздің жұмысымыз тепе-теңдікті, эмоцияларды ұстай білуді, сондай-ақ, жоспарлы операциялардан шұғыл операцияларға ауысу қабілетін талап етеді. Ал перзентханада жұмыс істегенде, бұл екі адамның, яғни, ана мен баланың өмірі сенің жауапкершілігіңде болады», - дейді Арзугуль ХайХайруллаев
Операция жасайтын медбике күніне 3 хирургиялық араласуға қатысады. Ол операция өтетін бөлмені өңдеп дайындайды, науқасты операцияға дайындайды, оның операция бөлмесіне уақытында жеткізілуін, сондай-ақ, стерильділік аймақтарына сәйкес хирургиялық топ мүшелерінің қозғалысын қадағалайды. Ол науқасқа операциядан кейінгі ерте күтім жасайды, сонымен қатар, операциядан кейінгі асқынулардың болмауын қадағалайды.
Арзугуль Хайруллаеваның айтуынша, медбике шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетуге әрқашан дайын болуы керек.
«Біз алдағы тәулікте қандай операциялар болатынын білмей, ауысымға барамыз. Мұнда немқұрайдылық пен қателікке жол берілмейді. Операцияның нәтижесі хирург пен реаниматологтің әрекетіне ғана байланысты емес. Барлық операциялық медбикелерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Амандық, денсаулық және кәсіби өсуді тілеймін», - деді Арзугуль Хайруллаева.