Операциялық тиімділік нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қоры 200 млрд. теңге үнемдемек
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 2020 жылға қарай операциялық тиімділікті көтеру есебінен 200 млрд. теңге үнемдемек. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Қазпошта» АҚ директорлар кеңесі және қызметкерлерімен өткен кеңесте мәлім етті.
Басқарма төрағасының айтуынша, Қор тарапынан соңғы екі жылда шығыстарды қысқартып, кірістерді арттыруға қатысты 8 бастама ұсынылған. Бұл ретте Ө. Шөкеев резервтер бар екенін, мұны қолдану қиын емес екенін алға тартады. «Егер есептеп қарасақ, операциялық тиімділікті бар-жоғы 2 пайызға арттырудың нәтижесінде 90 миллиард теңге үнемделеді екен. Ал біз 2020 жылға қарай оны 5 пайызға арттыруды міндет етіп отырмыз. Өздеріңіз қараңыздар, бұл шамамен 200 миллиард теңгенің үнемделетінін білдіреді. Мұның өзі тұтастай Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға кететін қаражат емес пе?» -деді Ө. Шөкеев.
Сонымен қатар, Қор басшысы «Маккензи» компаниясымен «Самұрық-Қазына» жұмысын жақсарту үшін әлемнің басқа ұқсас қорларымен салыстырмалы сараптама жүргізілгенін атап өтті. «Содан белгілі болғаны, Қордың тек бір ғана операциялық тиімділігін Швецияның, Француздың, Кореяның «Тимосек», «Қазына», «Мубадала» секілді ұйымдарымен салыстыруға болады екен. Ал капиталды пайдаланудың рентабелділігі мен инвестицияның тиімділігі бойынша «Самұрық-Қазына» олардан айтарлықтай артта қалып отыр», - дейді Ө. Шөкеев.