Оператор РОП-тың бұрынғы құрылтайшысы экстрадицияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Бас прокуратурасы және Интерполдың көмегімен халықаралық іздеуде жүрген «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Ш. Мұқтарованы Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға экстрадициялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Антикорға сілтеме жасап.

Оператор РОП-тың бұрынғы құрылтайшысы экстрадицияланды

«Ол «Оператор РОП» ЖШС бас директоры С. Коротенкомен бірге 920 млн теңге жымқырды» деген күдікке ілінген.

27 шілде сағат 19:01-де Мұқтарова Астана қаласы әуежайының аумағында ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.