Операторлар Павлодардағы 10 ауылды интернетке және ұялы байланысқа қосудан бас тартып отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысы бойынша 10 елді мекенде интернет және ұялы байланыс жоқ. Бұл жағдай олардағы халық санының аздығынан, соған орай операторлар өздерінің жабдықтарын орнатуды тиімсіз санауынан туындап отыр.

10 сел отказываются подключать к интернету и сотовой связи в Павлодарской области
Фото: Павлодар облыстық ӨКҚ

Өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының дерегінше, аймақ бойынша 342 елді мекенде интернет пен ұялы байланыс қолжетімді. Алайда операторлар 10 ауылға өз жабдықтарын орнатудан бас тартқан. Ондай елді мекендер Екібастұздың ауылдық аймағында, Май, Баянауыл, Ертіс аудандарында орналасқан. Байланыс қызметін көрсетушілер халқы аз жерлерде байланыс мұнарасын орнату тиімсіз деп санайды.

- «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы халық саны 250-ден кем емес елді мекендерді қамтиды. Операторлар тұрғындар саны аз ауылдарда жұмыс істеуден бас тартып отыр. Олар мұнара тұрғызу, жабдықтарды орнату қаржылық тұрғыдан тиімсіз екенін айтады. Стансалар белгілі көлемде электр қуатын тұтынады, онда стансаны салқындатып тұратын арнайы жабдықтар орнатылады. Бұған қоса мамандары уақыт сайын шығып, стансаларға қызмет көрсетуі қарастырылған кесте құрылған. Сайып келгенде осының барлығы қаржылық тұрғыдан ауыр тиетінін айтып отыр,-дейді Павлодар облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.

Басқарма басшысы мәселе туындап тұрған ауылдарды жақын жылдары интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз ету қарастырыла беретінін жеткізді.

«Қазіргі уақытта елімізде халық саны 100 адамды құрайтын ауылдарға да ауызсу жүйесі тартылып жатыр. Сондықтан бұл мәселе Үкімет тарапынан жауапсыз қалмайды деген үміт зор. Ұялы байланыс операторлары әлгі ауылдарда радиорелейлік байланыста қолданылатын жабдықтарды орнатса болады. Ол Wi-fi сигналын ұлғайтқыш секілді жұмыс істейтін құрылғы. Оның құны стансаларға қарағанда әлдеқайда арзанға түсер еді»,-дейді ол.

Аталған 10 ауылдың тізімі бүгінде жауапты министрлікке жіберіліп қойған.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 26 млн ұялы байланыс абоненті тіркелген.

 

Соңғы жаңалықтар