Операторлар пошта жөнелтілімдерінен тыйым салынған заттарды анықтауға міндеттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Поштаны жөнелтуші операторлар қауіпті, тыйым салынған заттарды анықтап, алып қоюға міндеттелмек. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелде мәлім болды.

Операторлар пошта жөнелтілімдерінен тыйым салынған заттарды анықтауға міндеттеледі

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинның айтуына қарағанда, қолданыстағы «Пошта туралы» заңнамада қауіпсіздікті қамтамасыз ету нормалары мен тетіктері қамтылмаған. Соның салдарынан пошта саласында адам өміріне қауіпті заттар мен нысандарды анықтау оқиғалары соңғы уақытта жиілеп кеткен.

«Осыған байланысты заң жобасымен пошта операторлары мен оны пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейту қарастырылып отыр. Мәселен, поштаны жолдау барысында операторлар пошталық жөнелтілімдерден қауіпті, тыйым салынған заттар мен бұйымдарды анықтауға міндеттеледі. Бұл жерде олар арнайы техникаларды, құрылғылар мен бейне-тіркелім жүйесін пайдаланатын болады», - дейді Б. Мусин.

Оның айтуынша, пошта операторлары тарапынан белгілі бір шығындарға соқтыратын болғандықтан аталған норманы күшіне енгізу кейінгі, нақтырақ айтқанда 2019 жылдан бастап күшіне енуі мүмкін. Бұдан бөлек, жаңа заң жобасында пошталық қауіпсіздік жүйесін құру міндеттері «Қазпошта» АҚ-на белгіленіп, оларға жеке күзет ұйымын бекіту құқы да берілмек.