«Оппозиция мен билік шайқасса, арасында адам өледі» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 16-сы, жұма күні жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» басылымының алғашқы бетінде Елбасының Алматы облысындағы жұмыс сапарына арналған екі мақала жарық көрді. «Жұлдыздарың олимпиадаларда жансын, спорттағы дарынды жеткіншектер» деген мақалада ҚР Президентінің спорттағы дарынды балалардың қабілетін дамыту үшін салынған Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданындағы республикалық мектеп-интернатқа келіп, дарынды балалармен дидарласқандығы жазылса, «Алматы қауіпсіз қала болады» атты жарияланымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы «Астана» алаңында қала полицейлеріне шетелдік 103 жаңа автокөліктің кілтін салтанатты түрде тапсырғандығы баяндалған.
Ал басылымның «Үкімет» апталық қосымшасында Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаевтың «Аграрлық ғылымның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамытудағы рөлі» атты жарияланымымен қатар «Жыл жақсы көрсеткіштермен қорытындылануы тиіс», «Шын мәніндегі шынайы көмек», «Сыр аймағында азық-түлік белдеуін жасаудың жайы қалай?», «Келбеті кірген кент», «Қыстан қысылмаудң амалы қайсы?» атты тақырыптармен мақалалар топтамасы жарық көрген.
«Оппозиция мен билік шайқасса, арасында адам өледі». «Соңғы кездерде әр елдерде оппозицияға қарсы қатаң жаза қолдану шаралары белең алып отыр. Мұның өзі сол елдердегі саяси жағдайды, атап айтқанда, адам құқы, демократиялық үрдіс деңгейін аңғартады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы оқиғаларда, Ирандағы презденттік сайлаудан кейінгі оппозицияның бас көтерулерінде бірнеше адам қаза тапқан. Ал көрші қырғыз елінде Социал-демократиялық партияның жетекшісі Бақыт Бешимов өміріме қауып төнді деп, шетел асып кетіпті.
***
Осыдан біраз бұрын «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Д.Кәлетаев 2000 жылы қабылданған «ҚР бірінші Президенті туралы» Заңның Мемлекет басшысына көшбасшы ретінде баға беруге мүмкіндік бермейтіндігін айтып, «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі көшбасшы болып нақты анықталуы тиіс» деген ұсынысын қалың бұқараның талқысына салған болатын. Осыған орай таяуда елордадағы «Аманат» интеллектуалдық пікірсайыс клубында Парламент депутаттары бас қосып, «Ұлт көшбасшысы» ұғымы туралы ойларын ортаға салды. «Айқын» газетінің бүгінгі санында осыған орай «Ұлт көшбасшысын» ұлттың өзі таңдауы тиіс» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Жарияланымда пікірсайыс барысында «Бүгінді, ертеңді бағамдау үшін, біз өткенге міндетті түрде қарауымыз керек. Еліміздің келешегі жайында 90-шы жылдардың басындағы саяси болжамдарда, «Қазақстан - оқ-дәрі толтырылған бөшке, яғни қақтығыстардың, ұрыстардың мекені» деп айтылды. Сол кезде біз үшін ең қымбат дүние - бейбітшілік болатын. Бүгінгі бейбітшіліктің кепілі - Елбасы екеніне ешкім күмән келтіре алмайды. Ұлт көшбасшысын ұлттың өзі таңдауы керек», деген Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның сөзі келтірілген.
Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысындағы үздік деп есептелетін гимназиялардың бірінде сот орындаушылары оқушыларды сабақ үстінде далаға айдап шығып, есігін тарс бекітіп, мөрленген қағаз жапсырып кетіпті. Аталған жайттың егжей-тегжейі «Сабақ үстінде гимназияны жауып тастады» атты мақалада берілген. Оқиғаның себебі мен салдарын білгіңіз келсе, осы басылымның жұма күнгі санында жарық көрген мақаланы оқыңыз.
Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Ақ сөйле!» айдарының қонағы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрарбек Асанов. Сұхбат барысында Т.Асанов басылымның сан-салада қойылған сауалдарына тұшымды жауап беріп, еліміздегі туризмге қатысты сұраққа: «жалпы, Қазақстанда туризмді дамытудың мүмкіндігі мол. Оны дамыту үшін жан-жақты қамтылған мемлекеттік бағдарлама қажет. Бұл саланы мемлекет деңгейінде жолға қоймаса, ісіміз ешқашанда алға баспайды», депті. «Біздің табиғи байлықтарымыз игерілмеген кен орындары сияқты» деген тақырыппен берілген екеуара әңгімені толығымен басылымның 6-ші бетінен оқи аласыздар.
«Баяғы жартас - бір жартас». Осы тақырыппен «Түркістан» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген мақалада «Абай бабамыз XIX ғасырдың өзінде қазақ құндылығы мен мәдениетіне төніп тұрған қауіп-қатерді аңдағаннан осылай деп күңіренген-ау, шамасы. Бүгінгі биліктің қазақ мәселесіне келгендегі самарқаулығы мен саңыраулығы жайында бұдан өзге не деуге болатындығын шамалай алмай-ақ қойдық. Өткен аптада Мәжіліс залынан ашына сөйлеген депутат Бекболат Тілеуханның ащы ойлары осындай түйін түюге жетелейді», делінген.
«Қазақстан халқы» деген сөз тіркесінен қорқам. Өйткені бұл жәй айтыла салған сөз емес, мұны ойлап тапқандар осы тіркеске әлдене ұғым беруге тырысқан сияқты. Мен содан қорқам. Неге дейсіз ғой. Бұрын «Қазақ халқы» деген сөз тіркесі болатын. Мағынасы айқын, жүрекке жылы, көңілге қонымды, табиғи жарасымды. Ал мына «Қазақстан халқы» деген ұлтсыздыққа жетелейтін жалпылама сөз әлгі «қазақ халқы» деген барынша түсінікті, әлемде қазақ ұлты бар екенін нақтылай айқындап тұратын, сөйтіп мерейіңді үстем қылатын, мейлінше орынды ұғымды жоққа шығаратын сияқты», деп жазады «Түркістан» басылымы. «Жағымпаздық пен жасқаншақтықтың да шегі бар. Ұлттың жайын, тілдің қамын ойласақ» деген тақырыппен жарық көрген мақаланың егжей-тегжейін басылымның бейсенбілік санынан оқи аласыздар.
***
«Алматы қаласындағы Наурызбай көшесінің бойында арнайы саяси жазаға кесілген жандарды ұстап, азаптауға арнап салынған НКВД түрмесі 2004 жылы Елбасының жарлығымен Саяси-қуғын сүргін тарихы мұражайына айналдырылып еді. Алайда мұңлықтардың рухы жайлаған бұл мұражайдың ғұмыры ұзақ болмады, араға небары бір жарым жыл салып қалталыларға сатылып кете барды. Бір түсініксіздік туғызатын мәселе, ғимаратты сатып алған меншік иесінің құпия жатқандығы. Елбасының шешімімен мұражайға айналдырылған тарихи ғимаратқа кімнің тісі батып, саудаға салып жіберуі мүмкін? Және де оны кім сатып алып отыр?» деп жазады «Алаш айнасы». Осы тақырыпты қаузайтын «Арыстарымыз азапталған түрме жекеменшікке өтіп кетті» деген тақырыптағы мақаламен газеттің бүгінгі санынан таныса аласыздар.
Басылымның бүгінгі санының «Дат» тұрақты айдарында Адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры, Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Болатхан Махатұлымен болған сұхбат жарық көрді. Келелі әңгіме барысында ғалым, «Физиология ғылымында адамдардың барынша ұзақ өмір сүруін ойлап табу мүмкін бе?», «Ғылымдағы дағдарыста қалуына не себеп?» деген сауалдарға жауап берген.
«Елбасымыз Н.Назарбаев барлық министрлік, облыс, қала әкімдеріне «Электронды Үкімет» бағдарламасын дамыту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бұдан кейін Үкімет басшысынан бастап, барлық министрлік, облыс әкімдері өздерінің сайттары мен жеке блогтарын ашты. Оған еліміздің әр аймақтарынан хаттар мен арыз шағымдар толассыз түсіп жатыр. Тіпті оқып үлгере алмайсың. Егер сол жазған хаттарға жауап келіп, жазғандарың нәтижелі болып жатса, қуанасың, әрине. Бірақ билік басында отырған мүйізі қарағайдай басшыларға жазған арыз-шағымдарың сол күйі «баяғы жартас, сол жартас» болса, онда ондай блог ашып, әуреге салынудың қажеті не?», деп жазады «Алаш айнасы» басылымы. Туристік қала деп танитын киелі Түркістан қаласының ресми сайты туралы егжей-тегжейлі жазылған мақаланың толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөмірінен оқуға болады.
«Алтын таудың «патшайымы». Осы тақырыппен «Жас қазақ» газетінде жарық көрген мақалада Қазақстандағы ірі зергерлік дүкен басшысының үстінен елімізде, сонымен қатар Ресейде де қылмыстық іс қозғалып отырғандығы жазылған. «Алтын» гипермаркеттер желісінде жаңа акция. Гауһар, алтын және күміс бонустар! Сатып алушыларға сексен пайызға дейін жеңілдік бар!» Көрерменнен сүйінші сұраған, шашы иығын жапқан әйел үйдегі көк жәшіктен әлі түспей келеді. Бірақ үсті-басын алтынмен аптап, күміспен күптеген әйел дәл қазір алтын сататын дүкенде емес, Мәскеудегі тергеу абақтысында қамауда. Әлдеқандай заман туа қалса деп, «алтынбасты» әйел етікбасты Италияға қоныс тебуге де әзірленіп қойыпты», дейді басылым.
«Бүгінге дейін бункерлік салмағы 22 млн тоннаға жуық астық жиналды деп бөркімізді аспанға лақтыра қуанып жатырмыз. Қуанатын-ақ жағдай. Бірақ астықты алқаптағы ағайынның жанайқайы жиі істеліп жатыр. Оған депутаттардың дабылын қоссақ, астықты алқаптың жаңғырығы біразға баратын секілді», деп жазады «Жас қазақ» басылымы. Жазылған жайттың егжей-тегжейін басылымның жұма күнгі санында жарық көрген «Еңбегі еш, тұзы сор» атты мақаладан оқи аласыздар.
«Бейсенбі күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қытай Үкімет басшысы Вэнь Цзябаомен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.
В. Цзябао Қазақстан-Қытай мұнай құбырының жылдық өткізу мүмкіндігін 10-нан 20 миллион тоннаға арттыру туралы келісімдерге қол қойылғандығын және нақты шешімдер қабылданғандығын айта келе, «бұл күндері Қазақстан мен Қытай біздің ынтымақтастығымызда үлкен қадам жасады», деп атап өтіпті.
Үкімет басшысының Қытай еліне сапары жайында «Егемен Қазақстан газетінде» де көлемді мақала «Болашақ байланыстарды бағдарлаған басқосу» деген тақырыппен жарық көрді.
«ҰҚШҰ-ның басшылары «Жедел іс-әрекет-2009» әскери оқу-жаттығуына қатысады», деп жазады «Литер» газеті.
Бүгін Алматы облысының Жамбыл ауданында Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері бас қосады.
Осы жайтқа байланысты «Айқын» газетінде де шағын мақала жарық көрді.
«Экспресс К» газетінің жазуынша, футболдан Әлем чемпионатының соңғы іріктеу ойынында Қазақстан құрамасы Хорватия командасынан 1:2 есебімен ұтылып қалған. Ойыннан кейін Хорватия командасының жаттықтырушысы Славен Билич біздің команданың жаттықтырушысы болып Бернд Шторктің қалуына ниеттес екендігін білдіріпті.