«Өр Торғай - ерлік мекені» атты экспедиция Арқалық қаласында кездесу ұйымдастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толуын орай ұйымдастырылған «Өр Торғай - ерлік мекені» атты экспедиция мүшелері Арқалық қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы тарихи өлкетану мұражайында болды.

«Өр Торғай - ерлік мекені» атты экспедиция Арқалық қаласында кездесу ұйымдастырды

Мұражайда экспедиция мүшелері мен Арқалық қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы Шөптібай Байділдин бастаған шежіреші ақсақалдары кездесу ұйымдастырды. Оған жергілікті БАҚ өкілдері де қатысты.

Басқосуда сөз алған аталмыш экспедицияны ұйымдастырушы топтың мүшесі  Жомарт Түбекбаев сапардың маңыздылығына тоқталды.

«Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толып отыр. Осыған байланысты ел тарихын бүгінге қоғамға насихаттап, жастарға ұғындырсақ деген ниетіміз бар. Бүгінгі күні көп адамдар ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты А. Иманов, Ә. Жангелдин есімдерін білсе де,  сол ұрыстың бел ортасында жүріп қол бастаған Кейкі батыр, Әбдіғаппар Жанбосынов, Оспан Шолақұлы секілді тарихи тұлғаларды біле бермейді. Сондықтан да біз бабалар ерлігін ұлықтап, еске алып, негізгі оқиғалар болған жерлерді аралай отырып, тарихи орындарға тағзым жасап, сол арқылы дүбірге толы шежірелі тарихты басынан кешкен, киелі Торғай жерін танып-білу мақсатында «Өр Торғай - ерлік мекені» атты экспедицияны ұйымдастырып отырмыз», деп атап өтті Жомарт Түбекбаев.

Сонымен бірге жиын соңында тарихи құнды мұрағаттарға толы мұражайды келушілер таңданыспен аралап шықты.

Естеріңізге сала кетейік, экспедиция мүшелерінің бір аптаға межеленген сапары барысында екі мың шақырым жолды басып өтіп, тарихи маңызы зор отыздан астам нысанға соғып, әйгілі Дулығалы мешітінің басында жезқазғандық делегациямен жолығу жоспарланған. Сондай-ақ, Әбдіғапар ханның қаны төгілген Зәуре қопасы мен Кейкі туған Байтұмаға қонысына белгі қойылмақ. Экспедицияға демеушілік жасаған әрі бастамашы болып ұйымдастырған - «Тorgay expedition» тобының ұлтжанды, белсенді азаматтары.

null null null  

Бақытжол Кәкеш