Орал әуежайына қар тазалайтын жаңа техника алынды
М.Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайына қардан тазалайтын жаңа техника алынды, деп хабарлайды Kazinform.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың мәлім еткеніндей, екі арнайы BOSCHUNG BJB8000 әуеайлақ машинасы сағатына 50 км жылдамдықпен қар жинайды.
«Машиналар ені 6,3 метр қарлы қайырмамен және ені 4 метр щеткамен жабдықталған. Енді әуежайда әуеайлақты қысқы күтіп ұстау үшін 15 арнайы техника пайдаланылады. BOSCHUNG BJB8000 машиналары жұмыс сапасын жақсартуға және қолайсыз ауа райы кезінде қар тазалау уақытын қысқартуға септеседі. Бұл техникалар әуеайлақты соңғы күндері жауған қардан тазартуға атсалысты. Соның нәтижесінде әуежай ұшақтарды қабылдауды тоқтатқан жоқ. Жақын арада әуежайда ұшақтарға қызмет көрсететін жаңа техника іске қосылады», дейді А.Сақпосынова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласына келетін ұшақтар кешігіп жатқанын жазған болатынбыз.