Орал әуежайында 500 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетілді

ОРАЛ. KAZINFORM – М.Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайында өткен жылы 500 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетілді.

 Аэропорт Орал әуежайы
Фото: Kazinform

«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл – соңғы 55 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, жолаушылар ағыны 23 пайызға өсті. Соның ішінде ішкі рейстер бойынша 480 мыңнан астам жолаушы саяхаттаған.

- Адамдар барлығы 10 бағыт бойынша ұшса, соның төртеуі – халықаралық. Ең сұранысқа ие бағыттар – Астана және Алматы қалалары. Халықаралық бағыттар арасында Анталия көш бастап тұр, - деп хабарлады ведомстводан.

«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-дан түскен мәліметке қарағанда, өткен жылы арнайы техника паркі өрт сөндіру машинасымен, фронтальды тиегішпен, қарды тазартуға арналған екі арнайы Boschung әуеайлақ машинасымен, құрама жол машинасымен толықтырылды. Сондай-ақ жыл соңында жабық конструкциялы екі жаңа трап, сұйық реагентті шашатын тіркемелі үлестіргіш және механикаландыру құралдары сатып алынды.

Барлық қауіпсіздік талаптарына сай келетін жаңа бақылау-өткізу бекетінің құрылысы аяқталды. Аталмыш бекет осы жылдың қаңтар-ақпан айларында пайдалануға берілмек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласынан Мысырға қатынайтын рейстер саны артатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар