Орал әуежайын сату туралы мәміле құпия жүргізілген жоқ – БҚО әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал әуежайының құрылтайшысын ауыстыру туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал әуежайын сату туралы мәміле құпия жүргізілген жоқ – БҚО әкімі

Өз жауабында Нариман Төреғалиев стратегиялық нысан – ұшу-қону жолағы республикалық меншікте екенін атап өтті.

«Аталған мәміле жасырын жүргізілген жоқ. Бұл - стратегиялық нысан, бірақ бүгінде ұшу-қону жолағы республикалық меншікте. Үлестің 49% - ресейлік компанияда, сондықтан барлық стратегиялық нысандар мемлекет меншігінде болады. Бұл - қызмет көрсететін басқарушы компания. Ешқандай қауіп жоқ, сондықтан сіздер халыққа дұрыс ақпарат берулеріңіз керек», - деді Нариман Төреғалиев Үкімет кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.

Бұған дейін БАҚ-та халықаралық әуежайдың жаңа иесі «Орал әуежай холдинг» компаниясы болғанын, оның 49% - кәсіпкер Дәулетхан Килыбаевқа, 2% - «Орал менеджмент» ЖШС-не және 49% - ресейлік «Ретранс» АҚ-ға тиесілі екені хабарланған болатын.