Орал әуежайының ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткізілуде
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған Орал әуежайының ұшу-қону жолағы күрделі жөнделу үстінде.
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6,323 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі таңда астаналық «К-дорстрой» фирмасы күрделі жөндеу жұмыстарын атқаруда. Құрылыс кешенінің басшысы Нұрболат Ахметовтің айтуынша, әуежай жолағының құрылысын 2015 жылдың 15 қарашасында толықтай аяқтау жоспарланған. Күрделі жөндеу жұмыстары екі кезеңмен жүргізіледі. Биылғы бірінші кезеңнің жұмыстары 15 қазанда бітеді. Биыл жолақтың күрделі жөндеуінің бірінші кезеңінде 3,5 млрд. теңге, ал екінші кезеңінде 2015 жылы 2,5 млрд. теңге игерілуі тиіс.
Қазіргі жолақтың ұзындығы 2,4 шақырым болса, оны келесі жылы ұзартып, 2,8 шақырымға жеткізіп, күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Ені 42 метрден 45 метрге жеткізіліп, 3 метрге кеңейтіледі. Күні бүгін жолақтың қазіргі бет жабыны жөнделуде. Оның үстіне құмды-бетонды тегістейтін қабат жайылады және оның үстіне 30 сантиметрлік бетонды қабат құйылады.
Қыркүйек айының басынан іске кіріскен құрылысшылар негізгі жұмыс ауқымы саналатын бетон құюға дайындық жұмыстарын аяқтай келген. Құрылыс материалдары құм жергілікті жерден, қиыршық тас Ақтөбеден, цемент Ресейден тасымалданған. Компания екі бетон зауыт салған. Қыркүйектің 24-25-і күндері салынған екі бетон зауыты іске қосылмақ. Шетелдік мамандардың көмегімен бетонқұюшы техника да құрастырылып жатыр. Шамамен қыркүйектің 25-терінде бетон құю басталады.
Астаналық фирма Оралдағы әуежайдан бұрын еліміздің Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Көкшетау қалаларында жеті әуежай жолағын күрделі жөндеуден өткізген. Жолақтың құрылыс сапасын жергілікті сертификатталған зертхана, техқадағалау, авторлық қадағалау ұйымдары тексеруден қағыс қалдырып отырған жоқ. Қазір құрылыс алаңында 120-дан астам құрылысшы жұмыс істеуде. Олардың ішінде жергілікті азаматтар да, басқа қалалардан, көршілес Ресейден келген мамандар да бар. Асфальт төсейтін арнайы техника, машиналар, катоктар, 50-ден астам жүк көлігі ортақ жұмысқа жұмылған.
Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін әуе кемелерінің бұзылуына және ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін ескі жолақ түгелдей жаңарып, «Боинг» секілді алып ұшақтар «Орал» халықаралық әуежайына қона алатын болады.