Орал қалалық сотына бір айдың ішінде мыңға жуық әкімшілік іс түсті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО соты азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Бақытбек Бегалиевтің төрағалық етуімен өткен дөңгелек үстел отырысында жаңа Әкімшілік құқықбұзушылық кодексін қолданудың өзекті мәселелері талқыланды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен Гүлмира Кенжеғалиеваның хабарлағанындай, судьялар, прокуратура, ішкі істер департаменті, денсаулық сақтау басқармасы өкілдері қатысқан жиында соңғы жылдары жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға айрықша көңіл бөлініп, әсіресе, көлік құралдарын мас және есірткіге елтіген күйінде айдаушыларға қатысты заңның қатаңдатылғаны атап өтілді.
Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Ғалымжан Ищановтың айтуынша, жаңа кодекс қолданылған ай жарым уақыт ішінде бірқатар реттелмеген мәселелер мен түйткілдердің, материалдар жинау мен хаттама толтыруда олқылықтардың беті ашылды. Қаңтар айында аталған сотқа 914 әкімшілік іс түсіп, соның 762-сі қаралды. 706-сы бойынша әкімшілік айыппұл салу жөнінде қаулы шығарылса, 56 іс қысқартылды. Осы ретте азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тару кезінде жіберілген заңбұзушылықтарға байланысты БҚО ішкі істер департаменті атына 11, денсаулық сақтау басқармасына 1 жеке қаулы шығарылды. Жиын барысында әкімшілік полициясы қызметкерлері жіберген қателіктерге талдау жасалды. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерде алкоголь мен есірткіні тұтынуға байланысты медициналық тексеруден өткізу кезінде орын алған кемшіліктерге ерекше назар аударылды. Осы орайда жыл басынан бері адамның ішімдік ішкен не ішпегендігіне қатысты қайталама қорытынды алудың көбейіп кеткендігі айтылды, бұл наркологтардың бастапқы медициналық қорытындысына қайшы келіп жатады. Отырыс қорытындысы бойынша әкімшілік материалдарды сапалы толтыру, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын әрекеттердің алдын алу, салғырт-салақтық пен азаматтардың конституциялық құқығын бұзуға жол бермеу бағытында ұсынбалар қабылданды.