Орал қаласында 10 эвакуациялық пунктте 2 400-ден астам адам орналасқан

эапкуация
Фото: Орал қаласы әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында қазіргі таңда 10 эвакуациялық пункт жұмыс жасайды. Онда 2 403 адам орналасқан. 

Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашевтің мәлім еткеніндей, адамдарға қолайлы жағдай жасау мақсатында оқу орындарының 7 жатақханасында эвакуациялық пункттер жасақталған. Сондай-ақ тұрғындарды көшіруге ыңғайлы болуы үшін эвакуациялық пункттерге мүмкіндігінше су басу қаупі бар саяжайларға жақын орындар таңдалды.

сабақ беру
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Арсен Зиннатұлының сөзіне қарағанда, эвакуациялық пункттегі тұрғындар үш мезгіл тамақ және қажетті гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген. Әр эвакопунктте жергілікті полиция қызметі, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және қаладағы емханалардың қызметкерлерінен кезекшілік қойылды.

оқушылар
Фото: Орал қаласы әкімдігі

«Эвакуациялық пунктке орналастырылған мектеп жасындағы балалардың білім алуы оффлайн форматқа ауысуына байланысты мектепке дейін тасымал ұйымдастырылды. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларға эвакуапункттерде шағын орталықтар бар. Ал жалпы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қаладағы комьюнити орталықтары, аула клубтары және мәдениет үйлерінің қызметкерлері әртүрлі бағытта ойындар, шеберлік және сергіту сағаттарын тұрақты түрде ұйымдастыруда», - дейді А.Ғұбашев.

әлқожа
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Оралдағы эвакуациялық пункттер мына мекенжайларда орын тепкен: 
1. М.Өтемісов атындағы БҚУ №3 жатақханасы (Н.Назарбаев даңғылы 218/2),
2. М.Өтемісов атындағы БҚУ №1 жатақханасы (Студент көшесі 1 Б),
3. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жатақханасы (Жәңгір хан көшесі 49),
4. Сервис және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасы (Жамбыл көшесі 38/6),
5. Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің жатақханасы (Н.Назарбаев даңғылы 173),
6. Орал «Сервис» технологиялық колледжінің жатақханасы (Циолковский көшесі 2),
7. А.Иманов атындағы жол-көлік колледжінің жатақханасы (А.Иманов көшесі 39),
8. ОЖШСМ спорт залы (Ә.Әйтиев көшесі 72 А),
9. «Орал» спорт клубы (Деркөл кенті, В.Даль көшесі 7/3).

«Барлық эвакуациялық пункттерден арнайы санаттар бойынша (көпбалалы отбасылар, жаңадан дүниеге келген нәрестелері бар аналар, мүгедектігі бар адамдар) анықтадық. Осы топқа жататын тұрғындарға көмектесу мақсатында тізімді қаламыздағы кәсіпкерлерге ұсынатын боламыз. Қазіргі уақытта эвакуациялық пукнт жасақтау үшін резервте 25 мектеп бар. Онда 3000-дай орын дайын», - деді қала әкімінің орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Тайпақ ауылы тұсында 10 сантиметрге көтерілгенін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар