Орал қаласында 350-ден астам саяжай үйі тұруға жарамсыз
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында суға кеткен саяжай үйлері тұрғындарынан 9 920 өтінім түсті.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтің мәлім еткеніндей, 130-дай бау-бақша серіктестіктерінде тұратын саяжай иелерінің 7 мыңнан астамына біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Оның сөзіне қарағанда, техникалық тексеру жұмыстарын 7 компания, 29 сарапшы жүргізіп жатыр.
«Қазіргі таңда 2500-ге жуық саяжай үйі тұрғындардың жалғыз баспанасы деп танылды. 1 мыңдай тұрғын үй техникалық тексеруден өткізіліп, 650-ге жуығы бойынша қорытынды шығарылды. Соның ішінде 352-сі тұруға жарамсыз деп танылды. 287 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл жерде айта кететін жайт, саяжай учаскелерінің басым бөлігі әлі суда тұр. Сондықтан су кетпей, техникалық тексеру, бағалау жұмыстарын жүргізу мүмкін емес», - деді А.Халелов.
Азамат Ерғалиұлының айтуынша, жалғыз үйі тұруға жарамсыз деп танылған тұрғындарға құрылыс компаниялары қаланың шағынаудандарында салып жатқан үйлерден баспана берілетін болады. Сондай-ақ екінші нарықтағы үйлерден пәтер сатып алынады.
«Сонымен қатар 500-ге жуық саяжай үйінің құжаттары рәсімделмеген. Бау-бақша серіктестігінің мүшелік билеттері негізінде тұрып жатқандар бар. Ауылда сатып кеткен немесе бұзған үйлері әлі атағында тұрғандар кездеседі. Көпбалалы отбасылардың жатақханада бір бөлмелі пәтері болуы мүмкін. Оған қоса 700-дей үй иесінің мүліктік үлесі бар. Міне, осының бәрін комиссия қарап, тиісті қорытынды шығарады», - деді А.Халелов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда суға кеткен саяжай үйлері техникалық тексеруден қалай өткізіліп жатқанын жазған болатынбыз.