Орал қаласында 8,6 млрд теңгеге 100-ден астам шақырым жолды жөндеу көзделіп отыр

асфальт
Фото: Орал қаласының әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында биыл жалпы ұзындығы 107,6 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 9,05 км жолға (5 жоба) күрделі жөндеу, 4,3 шақырымға (5 жоба) қайта құру, 66,4 шақырымға (21 жоба) орташа жөндеу және 27,8 км жолға (5 жоба) ANT әдісімен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

асфальт
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, аталған жобаларды жүзеге асыру үшін 8,6 млрд теңге қаражат қажет.

Бұдан бөлек, 2023 жылы басталған 8 жоба бойынша жол жөндеу жұмысы биыл аяқталады (қалғаны 18 км).

құрылыс
Фото: Орал қаласының әкімдігі

«Сәуір айының соңынан бастап көше жолдарын ағымдағы және орташа жөндеу басталды. Қызылжар және Некрасов пен Лермонтов көшелерін орташа жөндеу толық аяқталды, қазір тиісті жұмыс Назарбаев даңғылында және Алаш көшесінде жүргізілуде. Орташа жөндеумен негізгі әрі көлік көп жүретін көшелер қамтылады. 50-ден астам көшені ағымдағы жөндеу көзделсе, соның 20-сында жұмыс мәресіне жетті. Оған қоса көпірлердегі деформациялық тігістерді қалыпқа келтіру, темір жол өткелдерін жөндеу жүргізіліп жатыр», деді Ж.Дүйсенғалиев.

құрылыс
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, сонымен қатар жол қозғалысын реттейтін техникалық құрылғылар орнатылып, жөнделеді. Атап айтқанда, 10 орынға жаяу жүргіншілер өткелі компо-белгісі, 20 жасанды жол тегіс еместігі (ИДН), 7 жаяу жүргіншілерге арналған шақыру түймесі бар бағдаршам, 4 көше қиылысына бағдаршам, 5 орынға проекциялық жаяу жүргіншілер өткелін орнату көзделген. Қазіргі кезде қала бойынша жол таңбалау жұмыстары атқарылуда. 2024 жылы барлығы 132 көше жолы таңбаланбақ.

асфальт
Фото: Орал қаласының әкімдігі

«Биыл қалада су тасқынына орай төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Қазір су тасқынының салдарын жою жұмысы жалғасуда. Сондықтан жол жөндеуге қатысты кейбір жобалар жүзеге аспауы мүмкін. Дегенмен мүмкіндігінше жол жөндеуді жоспарға сай атқаруға тырысамыз», деп түйіндеді сөзін Ж.Дүйсенғалиев.

Орал қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 690,3 шақырым болса, соның 439,6 шақырымы немесе 63,7 пайызы – жақсы және қанағаттанарлық күйде, 250,7 шақырымы (36,3 пайызы) – топырақ жабынды жолдар.

асфальт
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұруға жарамсыз деп танылған 456 үйді қалпына келтіру жұмыстары басталғанын жазған болатынбыз.

Батыс Қазақстанда шығынға ұшыраған 1 мың бас малға өтемақы төленді.

 

Соңғы жаңалықтар