Орал қаласында ауылмен байланыстыратын жолды су шайып кетті
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында Деркөл кентіне қарасты Ынтымақ ауылына баратын жолдың үстіне қар суы шығып кетті.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға 13 наурыз күні кешкісін болды. Осыған байланысты қаламен қатынас қиындаған.
Деркөл кенті әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, грейдер жолдың 20-30 метрдей тұсы болмаса, қалғаны қалыпты. Қазіргі кезде су құбыр арқылы өтіп жатыр.
— Ынтымақ ауылы Деркөл кентінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан, онда 500-ден астам адам тұрады. Ауылмен байланыстыратын басқа да жол болғандықтан, қатынас үзілген жоқ. Су шайып кеткен аталмыш жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Қаржы бөлінген жағдайда жөнделеді, - деді Kazinform тілшісіне Деркөл кенті әкімінің орынбасары Роман Жумиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда еріген қар суына байланысты тұрғындардан өтініш көбейе түскенін жазған едік. Сондай-ақ БҚО-да жолдың үстін су басып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. БҚО-да Деркөлдегі су деңгейі Тасқала тұсында қауіпті шекке жақындады.