Орал қаласында бұршақ жауып, күн салқындады

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында кеше кештен бері ауа райы өзгерді.

Орал қаласында бұршақ жауып, күн салқындады
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Түнде күн салқындаса, түске дейін Оралда бұршақ жауып, қар ұшқындады. Сонымен қатар жел де күшейіп тұр.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, түнде температура 2 градусқа дейін күрт төмендеді. 

Орал қаласында бұршақ жауып, күн салқындады
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, 29 сәуір күні түнде және таңертең Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ Оралда тұман болуы ықтимал. 

Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті тағы да ескерту жариялады. 

Бұршақтың жаууы бау-бақша өсіретін тұрғындарды да алаңдатып отыр. 

Оралдық белгілі бағбан Қайрат Кәрімовтің айтуынша, ауа райының құбылмалы болуы көктемге тән жағдай болып есептеледі.

Орал қаласында бұршақ жауып, күн салқындады
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

- «Бесқонақ», сол секілді алдағы мамыр айында құралай салқыны болады. Мұндай ауа райы оңтүстікте өсетін сұрыптар үшін өте қиын. Мысалы, жүзімді жабуға тура келеді. Ал біздің табиғатқа бейімделген алма ағаштарына пәлендей қауіп жоқ. Тек аралар ұшпай, тозаңдану болмай, өнімділік төмендейді. Ал үскірік соқса, алма ағашының гүлі үсіп кетеді. Бұл да өнімділікке әсер етеді, - деді Қ.Кәрімов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жауған қар қызғалдақты басып қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар