Орал қаласында емханада өрт шықты
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда БҚО денсаулық сақтау басқармасына қарасты № 1 қалалық емхана өртенді.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 13 сәуір күні болды. Сағат 14.36-да Н.Назарбаев даңғылы 206А-мекенжайында орналасқан емхана ғимараты жанғаны жөнінде хабар түскен.
- Бірінші қабаттағы дәлізде 15 шаршы метр аумақ отқа оранды. Зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша от электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. «Тілсіз жау» сағат 14.47-де оқшауланып, 15.07-де ауыздықталды. Өртті сөндіру үшін 35 адам, 15 техника барды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары, келтірілген шығын анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан.
Емхананың өртенуіне байланысты тұрғындар әлеуметтік желіде алаңдаушылық білдіруде.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ғимарат фойесінде (тіркеу орны) өрт болғанын, соған орай тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Басқарманың мәліметіне қарағанда, емхана 14 сәуір күні келушілерді қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда вагондар жөнделетін ғимарат өртенгенін жазған болатынбыз.