Орал қаласында көмірді қайдан алуға болады
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында көмір сатумен айналысатын жалғыз қойма жұмыс істеп тұр.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан мәлім еткеніндей, өңірдегі бірден-бір жеткізуші — «STONEGRAD» компаниясы қала тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етеді.
Компания Орал қаласына қарасты Желаев ауылындағы «Дилта» базасында орналасқан. Қойма қажетті инфрақұрылыммен және тиеу-түсіру техникасымен жабдықталған. Мекеменің қаладағы мекенжайы — Е.Орақбаев көшесі 1/1в.
Басқарма мәліметіне қарағанда, көмірдің бір тоннасы орта есеппен 36 мың теңгеден басталады. Бұл сомаға жеткізу құны кірмейді.
Батыс Қазақстан облысы табиғи газбен 99,7 пайызға қамтылғаны белгілі.
— Облыс аумағында көмір алушылар аз. 12 ауданның тек төртеуінде ғана көмірмен жылытылатын әлеуметтік нысандар бар. Олар — Бәйтерек, Казталов, Тасқала және Теректі аудандары. Қазіргі таңда 216 тонна көмір отыны толықтай жеткізілді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қандай жылу нысандары жаңартылып жатқанын жазған едік.
Сондай-ақ елордада көмірді қайдан және қандай бағаға алуға болатыны жөнінде хабарланды.