Орал қаласында жаңа жыл қарсаңында 14 сәби өмір есігін ашты

Орал қаласында жаңа жыл қарсаңында 14 сәби өмір есігін ашты, деп хабарлайды Kazinform. 

Орал қаласында жаңа жыл қарсаңында 14 сәби өмір есігін ашты
Фото: Қалалық көпбейінді аурухана

БҚО Денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, соның 8-і 31 желтоқсанда сағат 00.00-ге дейін қалалық көпбейінді ауруханада, алтауы облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келді.

Перинаталдық орталықтағы 6 сәбидің төртеуі – қыз, екеуі – ұл.

Қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Есет Ералиннің айтуынша, осындағы перзентханада 8 шақалақ шыр етіп, жерге түссе, соның алтауы – ұл, екеуі – қыз.

Есет Ғабитұлының сөзіне қарағанда, сонымен қатар бүгін сағат 11.00-ге дейін тағы 4 ана нәрестелі болса, соның екеуі – қыз, екеуі – ұл.

«Аналардың бәрі де отасыз, өздігінен босанды. Қазіргі кезде олардың және сәбилерінің жағдайы жақсы. Аурухананың босану бөлімшесінде 2 акушер дәрігер, 1 анестезиолог, 1 неонатолог, оған қоса 14 орта буын қызметкері жұмыс істейді. Мамандарымыз жаңа жыл түні де өз қызметін сапалы атқарып шықты», - деді Е.Ералин.