Орал қаласының орталығында ағаш өскен аумақ қараусыз қалған
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында БҚО полиция департаментінің ғимараты алдындағы ағаш өскен аумақтың азып-тозып кеткеніне экологтер назар аударды.
«Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариевтің мәлім еткеніндей, Ю.Гагарин атындағы көше бойындағы сквер күтілмегендіктен, қоқыс та жатыр, ағаш-бұталар бей-берекет өсіп кеткен.
– Қала орталығындағы скверге билік орындары жылдар бойы неліктен көңіл бөлмеген? Полиция департаментінің бірнеше бөлінісі орналасқан ғимаратқа көлік және көші-қон саласындағы мәселемен жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелдік азаматтар да келеді. Автобустан түскеннен кейін аталған ғимаратқа баратын тіке жол жоқ. Сондықтан жылу трассасы арқылы өтетін орталық кіреберіс жол салу керек. Екіншіден, скверді қалыпқа келтіріп, күтіп ұстау жұмыстарын қолға алу қажет. Жалпы, қаладағы мұндай орындарды ұмыт қалдырмай, оңтайлы шешімін тапқан жөн, - деді Д.Сариев.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдады.
Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш аумақпен «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу трассасы өтіп жатыр.
– Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Жайықжылуқуат» АҚ-ға қала әкімдігі жанындағы экологиялық кеңестің хаттамасы негізінде хат жіберді. Онда БҚО полиция департаментінің ғимараты алдында орналасқан аумақты санитарлық тазалау, жылу магистралі бойында орналасқан ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу қажеттігі көрсетілген, - делінген ресми жауапта.
«Жайықжылуқуат» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Бекболат Қамешов мұндай хаттың келе қоймағанын, түскен жағдайда тиісті жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын экологтің әр қалада көлемі 30 гектар бір парк салынса, артық болмайтыны жөнінде айтқанын жазған едік.