17:48, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Орал қаласы әкімдігі мен жұмыс беруші кәсіпорындар өзара түсіністік меморандумына қол қойды
ОРАЛ. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы тапсырмасына сәйкес қаңтардың 16-сында Орал қаласы әкімі мен 10 мыңнан астам адамға жұмыс беріп отырған 16 ірі кәсіпорынның басшылары жұмыс орындарын сақтау, экономикалық тәуекелділік жағдайында әлеуметтік қорғау мәселелерін ескеру жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімі Самиғолла Оразов бұл меморандумның еңбек қатынастары тараптарының мүдделерін ескере отырып, қызметкерлерді жұмыспен қамту және жұмыссыздықты азайту бағытындағы кешенді шараларды шешуге көмектесетіндігін атап өтті.
Жүргізілген сараптама нәтижесінде өткен жылы қала бойынша 14 кәсіпорынның 144 қызметкерді жұмыстан босатқаны анықталды. Биылдың өзінде бір кәсіпорын 13 адамды жұмыстан шығарған. Алайда қызметкерлер мен жұмысшыларды жаппай шығару жағдайы байқалмайды. Өткен жыл соңында алты кәсіпорын өндірісті тоқтатып, 502 адамды демалысқа жіберуге мәжбүр болған. Екі кәсіпорын 540 адамды толық емес жұмыс күніне көшірген.
Қаладағы 817 өндіріс орнының 250-інің ғана ұжымдық келісімшарты бар. Олардың 45-і ? ірі кәсіпкерлік нысаны, 142-сі ? орта кәсіпкерлік пен мемлекеттік мекемелер, 63-і ? шағын кәсіпкерлер. Жалпы, қала кәсіпорындарында жұмыс орындарын сақтау тұрақты қалыпта. Дегенмен аталған меморандум азаматтардың біраз бөлігінің жұмыстан босап қалмасы үшін алдын ала жасалып отыр.