Орал қаласы аумағында 100 мың шаршы метр үш жылыжай кешенін салу жоспарлануда
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл Орал қаласына қарасты ауылдарда жалпы көлемі 100 мың шаршы метр үш жылыжай кешенін салу жоспарлануда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Шаһар басшысы Нариман Төреғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда қаланы қысқы уақытта көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында 8 жылыжай кешені жұмыс жасауда. 2016 жылы қала агроқұрылымдарының өз қаражаты есебінен жылыжайлар аумағы 16 мың шаршы метрге өсіп, жалпы көлемі 28 мыңға жетті. Мысалы, «Орал жылыжай» ЖШС Х.Есенжанов атындағы көше бойынан құны 150 млн. теңгені құрайтын жылыжайды өткен жылғы желтоқсан айында салып бітірді. Аумағы 12 мың шаршы метр жылыжайда қызанақ көшеттері отырғызылды, алғашқы өнім алдағы сәуір айында алынбақшы.
Соңғы кезде қала халқының көбеюіне байланысты көкөністі тұтыну мөлшері артып отыр. Күні бүгінге дейін облыс орталығында жалпы сыйымдылығы 14 мың тонна болатын 11 көкөніс қоймасы іске қосылған. Бұл қоймалар азық-түлік бағасын реттеуге септігін тигізіп келеді. Саяжайларды қоспағанда, қала аумағында 8 га алма бақтары бұрыннан болса, оған қоса Деркөл ауылында 30 га, Круглоозерный кентінде 10 га интенсивті алма бағын отырғызу ойластырылуда. Кезінде тек Оралды ғана емес, бүкіл облысты өнімімен қамтыған Барбастауда алма бақтары болғаны белгілі.
Айта кетейік, өткен жылы қала бойынша 8 млрд. теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді, бұл алдыңғы жылғыдан (4 млрд. теңге) екі есеге көп. Барлығы 6 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егіліп, 8 мың тонна (гектарына 13,6 центнерден) өнім жиналды, бұл 2015 жылғыдан 13 есеге артық. Сол секілді 44 мың тоннадан астам көкөніс, бау-бақша өнімдері алынса, соның ішінде 1343 га алқапқа картоп отырғызылып, 20 мың тонна (әр гектарға 145 центнерден) өнім жиналды. Дегенмен қала тұрғындарының картопты тұтыну қажеттілігі 27 мың тонна болғандықтан, оны отырғызу көлемін көбейту көзделуде.
«Биыл Елбасымыз «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешені алдына экологиялық таза тағамдар өндіру жөнінде міндет қойғаны мәлім. Бұл ретте «Кублей», «Жайық ет», «Родник» ЖШС, Желаев астық өнімдері комбинатын өңірдің бренді деп айтуға болады. Ендігі мақсат - өз тауарларын Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де жөнелтетін осындай кәсіпорындар қатарын көбейту. Өнімділікті арттырудың тағы бір жолы - суландыру жүйелерін қалпына келтіру. Сонда көкөніс, бау-бақша, картоп, жемшөптік дақылдар мен көпжылдық шөптер егетін алқаптар аумағы кеңейер еді. Биыл қала бойынша 4,2 мың га суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Қазірдің өзінде 11 ауыл шаруашылығы құрылымымен көлемі 3,9 га суармалы жерлерді қалпына келтіруге келісім жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Агробизнес - 2020» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызы зор. Айталық, 2016 жылы аталмыш бағдарлама аясында шаруа қожалықтарына 192 млн. теңге демеуқаржы берілді. Бұл - мемлекет тарапынан аграрлық салаға көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Мұндай жұмыстар биыл да жасалатын болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Төреғалиев.