Орал қаласында 507 млн теңгеге 20 аула аумағы абаттандырылуда

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында биыл 507 млн. теңгеге 20 аула аумағы абаттандырылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қаласында 507 млн теңгеге 20 аула аумағы абаттандырылуда

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан Тұхфатовтың сөзіне қарағанда, бұл жобалардың үшеуі өткен жылғыдан биылға ауысқан. Қазіргі кезде аталмыш аулаларда жұмыс 70-80 пайызға орындалған.

Жалпы, қалада жаңадан бой көтерген шағынаудандарды есептемегенде, барлығы 386 аула аумағы болса, 2007-2016 жылдары соның 277-сі абаттандырылған. Қазіргі кезде аталмыш бөлім мамандары тағы 29 аула аумағын жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасады. Алдағы жылы осы 29 аулаға қоса 6 тынымбақты абаттандыру көзделуде. Биыл қалада қос бірдей тынымбақты ретке келтіруге 166 млн теңге қаралған. Облыстық аурухана маңындағы А.Пушкин мүсіні тұрған тынымбақта ағаштар отырғызылып, өрнектас төселіп, жолдар жасалады, орындықтар қойылады. Бұған 53 млн теңге жұмсалмақ. Сол секілді төртінші және алтыншы шағынаудандар аралығындағы тынымбақта 113 млн теңгенің жұмыстары атқарылмақ.

Шаһарда барлығы 54 тынымбақ болса, соңғы жеті жылда соның 30-дан астамы ретке келтірілген.