Орал қаласында алаяқтық қылмысы жиілеп кетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында соңғы кезде алаяқтық жиілеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, алаяқтар үйіңізге жиһаз жасап, әкеліп беремін немесе ұялы телефонмен хабарласамын деп, сан соқтырып кетуде.
Атап айтқанда, еш жерде жұмыс жасамайтын 1988 жылғы тұрғын оралдық азаматшаның сеніміне кіріп, үй жиһазын жасап беремін деп, 217 мың теңгесін жымқырып кеткен. Алайда оның жымысқы ойы жүзеге аспай, жедел іздестіру шаралары нәтижесінде қолға түсті.
Сол секілді оралдық әйел «Кірпіш зауыты» ауданында 1989 жылғы тұрғынның «Айфон-7» телефонын танысына хабарласамын деп сұрап алған. Ақыры оған 150 мың теңге шығын келтірген. Бұл алаяқ та алысқа ұзаған жоқ.
Қазіргі кезде осындай оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, биылғы он айда 655 алаяқтық дерегі тіркеліп, соның 435-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Өткен жылы осы мерзімде 709 алаяқтық белгілі болып, 540 қылмыстық іс қозғалған болатын.