Орал қаласында қай көшелердің жөнделетіні белгілі болды

Қала әкімі Абат Шыныбековтің мәлім еткеніндей, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызды саналатын Әбілқайыр хан даңғылы мен М.Шолохов көшелерін ретке келтіру күн тәртібінде тұр.
Оның сөзіне қарағанда, бұл көшелер осыдан 15-20 жыл бұрын күрделі және орташа жөндеуден өткен.
Жыл сайын жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ол жеткіліксіз болып отыр.
«2021 жылы Орал қаласы әкімдігі Әбілқайыр хан даңғылын орташа және М.Шолохов көшесін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындап, сараптаманың оң қорытындысын алды. Негізгі басымдық Әбілқайыр хан даңғылына беріліп отыр. Конкурстық жұмыстар аяқталғаннан кейін даңғылды жөндеу жұмыстары басталады. Ал М.Шолохов көшесін жөндеу үшін қаржыландыру мәселесі қарастырылуда», деді А.Шыныбеков.
Оған қоса Деркөл кентіндегі «Сарыарқа» шағынауданында ұзындығы 16,3 шақырым болатын 18 көшеге жол салуға 1 млрд теңге бөлінді. Барлық қажетті материал дайын, ауа райының қолайлы кезінде жол салу басталады.
Зачаган кентінде биыл Дәуқара батыр және Ғ.Мұсағалиев көшелерін күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Осы кенттегі 25-Чапаев дивизиясы көшесінде былтыр басталған күрделі жөндеу жұмысы биыл мәреге жетеді.
Сонымен қатар қаладағы автомобиль жолын қайта құру және күрделі жөндеу мақсатында 21 жоба әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Сондай-ақ қала көшелерін ағымдағы жөндеуге биыл 316 млн астам теңге қаралды.
Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Әбілқайыр хан даңғылын орташа жөндеу бойынша жобаның сметалық құны – 646,118 млн теңге. Жоба бойынша Д.Карбышев көшесінен С.Датұлы көшесіне дейін асфальтбетон жабынын және жиектастарды толық қайтадан салу қарастырылған.
М.Шолохов көшесін күрделі жөндеген кезде жол кеңейтіліп, алты жолақтыға айналады, басқа да жұмыстар жасалады. Мұның жалпы құны – 4,2 млрд теңге. Бұл жоба екі жылға есептелген.