19:50, 07 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Орал қаласында қылмыстық топ мүшесі құрықталды
ОРАЛ. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкерлері Орал қаласында ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі, 28 жасар Т. деген азаматты ұстады.
Департаменттің баспасөз қызметінің бастығы, полиция полковнигі Фатихолла Маштақовтың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталмыш азамат жүргізіп келе жатқан «Ауди» автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында оның қалтасынан өсімдікке ұқсас зат оралған түйіншек пен 16-шы калибрлі аңшы мылтығының оғы табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес түйіншектегі зат 4,50 грамм марихуана болып шықты. Сондай-ақ жүргізуші орындығының астына жасырылған 1 килә 585 грамм марихуана мен 16-шы калибрлі «БМ» үлгісіндегі мылтық табылып, тәркіленді. Сараптама суық қарудың атуға жарамды екендігін айғақтады.
Қолға түскен күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде.